Беларусьтен ЕО-ға Қазақстанның ағашы деген жалған желеумен тауар тасымалданып жатыр - БАҚ

Сағыныш Сардарова 27 нау. 2024 12:48 1445

Санкцияға ұшыраған Беларусь ағашы Еуропа одағы аумағына Польша арқылы, өнімдер Қазақстаннан жіберілгені туралы жалған құжаттармен тасымалданып жатқаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы украиналық басылымдар жазды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Украинская правда" басылымы мәліметінше, тергеушілер Беларусьте ағашқа қатысты санкция енгізілгеннен кейін ЕО-ға Қазақстаннан ағаш импорты айтарлықтай өскенін анықтаған. Еуростаттың мәліметінше, 2022 жылы Қазақстаннан 14 миллион еуроға ағаштан тауар әкелінсе, 2023 жылы бұл көрсеткіш бес есеге, яғни 68 миллион еуроға дейін жеткен.

"Журналистер қазақстандық Nurr-electro фирмасы мен Польшаның PLRBL арасындағы миллион еуроға жуық қарағай палисадын жеткізуге арналған келісімшарттардың бірін зерттеген. Келісімшарт 2022 жылғы қазаннан, ал жеткізу 2023 жылдың басынан басталады", - деп жазылған басылым мәліметінде.

Деректерге сүйенсек, қазақстандық Nurr-electro құжатындағы мөрлердегі қолдар мен бедерлер бұрмаланғаны белгілі болған және графикалық дизайн бойынша екі тәуелсіз сарапшы бұл фоторедактордың көмегімен құжаттарға салынғанын айтқан.

"Сонымен қатар, қазақстандық Nurr-electro компаниясының заңгері Арман Төлейұлы журналистерге берген пікірінде "мұндай мәміле бойынша қаржылық операциялар болмағанын" және "оларда мұндай мөр жоқ" екенін айтқан. Ал Беларусьтің "Галлардо" тасымалдаушы компаниясының өкілі Беларусьтен келген тауарлар екенін мойындап, "Қазақстаннан әкелген жоқпыз, Беларусьтен әкелдік, сол жерден тиеді" деген", - деп жазылған материалда.

Сонымен қатар, PLRBL атты сатып алушы компанияның жалғыз иесі Олег Янович журналистердің сұрақтарына жауап беруден бас тартқан.

"Тергеушілер нарықтағы дереккөздер көмегімен ағаштар Беларусь кәсіпорнының қоймасынан келгенін, оның иесі Олег Янович екенін анықтапты.

Польшаның Сыртқы істер министрлігі өкілдері журналистердің сауалына жауап ретінде санкция мәселесі олардың құзыретіне жатпайтынын айтты. Польшаның кеден қызметі барлық кедендік декларацияны тексеруге физикалық мүмкіндігі жоқ екенін мәлімдеді. Польшаның Ішкі істер министрлігі көрсетілген деректер бойынша тексеріс басталғанын айтып, одан әрі түсініктеме беруден бас тартты", - деп жазылған материалда.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар