Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстан экономикасының өсімі мен халықтың нақты табысының төмендеуі арасындағы айырмашылықтың себебін түсіндірді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сенат депутаты Сергей Карплюк Үкімет басшысына 2025 жылы ел экономикасы 6,5 пайыз өскенімен, Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша халықтың нақты табысы 2 пайыз төмендеп, инфляция 12 пайыздан асқанын айтты. Ол мұндай жағдайда экономикалық өсімнің қарапайым азаматтардың тұрмыс деңгейіне неге әсер етпегенін сұрады.
Олжас Бектеновтің сөзінше, Үкімет үшін экономикалық өсім өз алдына мақсат емес, халықтың әл-ауқатын жақсартудың құралы.
"Экономикалық өсім – түпкі мақсат емес. Басты міндет – азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Сондықтан тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету арқылы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға күш салып келеміз", – деді премьер-министр.
Үкімет басшысы пандемиядан кейін Қазақстан экономикасы жыл сайын орта есеппен 5 пайыз өсіп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл – ел экономикасы үшін оң үрдіс, сондықтан Үкімет осы қарқынды сақтап қалуға ниетті.
Сонымен бірге Олжас Бектенов өткен жылы жоғары инфляция халықтың нақты табысына әсер еткенін жасырмады. Оның айтуынша, 2025 жылдың қыркүйегінде инфляция 12,9 пайызға дейін жеткен.
"Былтыр біз экономиканың өсуімен қатар инфляциялық қысымның күшейгенін байқадық. Қабылданған шаралардың нәтижесінде биылғы бес айдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 10,4 пайызға дейін төмендеді. Алдағы уақытта оны 10 пайыздан да төмен түсіруді жоспарлап отырмыз", – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министрдің айтуынша, Үкімет пен Ұлттық банк инфляцияны тежеу және халықтың сатып алу қабілетін арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыра береді.