Freedom Inside '26

Бектенов пен Кобахидзе Тоқаевтың келісімдерін іске асыруды талқылады

Бектенов пен Кобахидзе Тоқаевтың келісімдерін іске асыруды талқылады
primeminister.kz

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Грузия Премьер-министрі Ираклий Кобахидзе жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру мәселелерін талқылады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Кездесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистика, энергетика және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды. Тараптар сондай-ақ бірлескен экономикалық жобаларды жүзеге асыру және жасанды интеллект бағытындағы әріптестікті дамытуға ерекше назар аударды.

«Қазақстан Үкіметі Грузиямен өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын. Сіздің ресми сапарыңыз қазақ-грузин қатынастарының қарқынды дамып келе жатқанын, саяси диалогтың жоғары деңгейін және өзара сенімді көрсетеді. Қазақстан Грузияны Оңтүстік Кавказ бен Қара теңіз өңіріндегі сенімді досы әрі стратегиялық серіктесі ретінде қарастырады», – деді Олжас Бектенов.

Өз кезегінде Ираклий Кобахидзе Қазақстанды Грузияның негізгі серіктестерінің бірі екенін атап өтті.

«Қазақстан – Грузия үшін негізгі серіктестердің бірі. Стратегиялық әріптестік орнату екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Біз барлық бағыт бойынша өзара байланысты дамытуға мүдделіміз», – деді Грузия Премьер-министрі.

Кездесуде бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ираклий Кобахидзе арасында қол жеткізілген келісімдерді іске асыру мәселесіне ерекше назар аударылды.

Келіссөз қорытындысында екі ел үкіметі стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға және практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін растады.

Үкімет мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысында Қазақстан мен Грузия арасындағы тауар айналымы 184,5 млн АҚШ долларын құраған. Ал 2026 жылдың қаңтар–сәуір айларында бұл көрсеткіш 53 млн доллар болды. Қазір Қазақстанда грузин капиталының қатысуымен 600-ден астам компания жұмыс істейді, тағы 14 ұйым «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелген.