Олжас Бектенов өңір әкімдеріне жаз мезгілі ыстық әрі құрғақ болады деген болжамдарды ескере отырып, өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық жұмыстарын қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Үкімет отырысы барысында ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Қазгидрометтің жаз мезгілі ыстық әрі құрғақ болады деген болжамын ескере отырып, өрт қаупі жоғары кезеңдегі барлық қызмет шұғыл қимылдап, үйлесімді әрекет етуі маңызды екенін баса айтты. Дайындық шаралары жеткіліксіз болған аймақтарға ерекше назар аударылды.
«Тексеріс көрсеткендей, Табиғи өрттердің алдын алу және жою жөніндегі іс-шаралар жоспары барлық өңірде бірдей тиісті деңгейде іске асырылып отырған жоқ. Жамбыл, Қостанай, Түркістан, Ақтөбе, Қарағанды, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарындағы елді мекендердің айналасынан минералды белдеу жасау жұмыстары басталмаған. Далалы жерлерде, орманда өрт шығатын болса, бұл ауылдарға тікелей қауіп төнеді.
Батыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Ұлытау облыстарында елді мекендердің аумағын қураған шөптер мен қоқыстардан тазарту жұмыстары әлі күнге дейін жүргізілмеген. Одан бөлек, Ақтөбе, Павлодар, Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Түркістан, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының орман мекемелері өрт қаупі жоғары кезеңге дайын емес.Осыған байланысты өңір әкімдеріне биылғы маусымға дайындық жұмыстарын күшейтуді және бұл мәселені тікелей бақылауға алуды тапсырамын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сонымен қатар, әкімдіктерге өрт сөндіру көліктеріне керекті су көздерін дайындау және қажетті отын қорын қамтамасыз ету тапсырылды.
«Әкімдіктер елді мекендерде өрт сөндіру бекеттері мен ерікті өртке қарсы құрылымдарды ұйымдастыру жұмысын жалғастырсын. Сондай-ақ өңірлерде жанар-жағармай материалдарының қажетті қорын қамтамасыз ету керек. Өрт сөндіру көліктері мен тікұшақтарға қажетті су көздерін дайындау қажет»,деп атап өтті Олжас Бектенов. Аталған тапсырмалардың орындалуын биылғы 10 мамырға дейін қамтамасыз ету қажет.
Ішкі істер министрлігіне өрт қаупі жоғары кезеңде орман алқаптарында демалуға тыйым салу шараларын қабылдау тапсырылды. Премьер-министр рейдтер мен күзет кестесін жасауды тапсырды. Сонымен қатар өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғандардың барлығы жауапкершілікке тартылуы тиіс.
Халыққа өр қауіпсіздігі талаптарын сақтау туралы ақпарат беру мәселесіне ерекше назар аударылды.
«Төтенше жағдайлар, Экология және табиғи ресурстар, Мәдениет және ақпарат министрліктері мен әкімдіктер ел арасында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау туралы түсіндіру жұмыстарын жандандыруы керек»,деп атап өтті Олжас Бектенов.