Бектенов коммерциялық ипотеканы кеңейтуді тапсырды

Қаракөз Амантай 10 нау. 2026 15:03

Қазақстанда тұрғын үй саясатын жетілдіру және коммерциялық ипотеканың қолжетімділігін арттыру мәселесі Үкімет отырысында қаралды. Премьер-министр Олжас Бектенов банктер арқылы берілетін ипотекалық несиелердің көлемін көбейту қажеттігін айтты. Оның пікірінше, коммерциялық ипотеканы дамыту мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Үкімет басшысы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне Ұлттық банкпен және басқа да жауапты мекемелермен бірлесіп, екінші деңгейлі банктердің ипотекалық өнімдерін дамытуға бағытталған жаңа тәсілдер әзірлеуді тапсырды. Ал Отбасы банк өз жұмысында ең алдымен әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарға қолдау көрсетуге басымдық беруі тиіс екенін атап өтті.

Сонымен қатар премьер-министр өңір әкімдіктері мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне биылғы жылға жоспарланған тұрғын үй көлемін толық іске асыруды міндеттеді. Жаңа тұрғын аудандарды дамыту кезінде тек үйлер салумен шектелмей, мектеп, балабақша, медициналық мекемелер сияқты әлеуметтік нысандарды да тұрғындарға жақын орналастыру маңызды екені айтылды.

Құрылыс қарқыны әсіресе Астана мен Алматы қалаларында жоғары. Осыған байланысты Үкімет Өнеркәсіп министрлігіне, «Бәйтерек» холдингіне және жергілікті әкімдіктерге тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтуға арналған өңірлік бағдарламаларды белсенді іске асыруды тапсырды.

Бұдан бөлек, бірқатар нақты міндеттер белгіленді:

  • Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі 1 шілдеге дейін жаңа Құрылыс кодексі аясындағы нормативтік актілерді жаңартып, қабылдауы тиіс;
  • Өнеркәсіп министрлігі мен «Бәйтерек» холдингі құрылыс материалдары мен жабдықтарын өндіруге бағытталған 38 жобаны уақытында іске қосуды қамтамасыз етуі керек;
  • Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен жасанды интеллект саласына жауапты ведомство шілде айының соңына дейін жобаларды сараптауға арналған жасанды интеллект модульдерін пилоттық режимде енгізуі қажет.

Осылайша, Үкімет тұрғын үй құрылысының қарқынын арттырумен қатар, ипотекалық қаржыландыру тетіктерін кеңейту арқылы халықтың баспанаға қолжетімділігін жақсартуды көздеп отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove