Үкімет Президент тапсырмасына сәйкес, Салық кодексі бойынша жұртшылық пен бизнес тарапынан түсетін ұсыныстарды жинақтап, мұқият талдау жүргізеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда берген тапсырмаларын, оның ішінде жаңа Салық кодексін жетілдіру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асырудың түйінді шарттарын атап өтті.
Жаңа Салық кодексі өзгермейтін қағидалардың жиынтығы ретінде қабылданбауы керек, бұл туралы Президент ерекше атап өтті.
"Осыған байланысты Сізге, Серік Мақашұлы, жұртшылық пен бизнес тарапынан келіп түскен ұсыныстарды жинақтап, мұқият талдауды тапсырамын. “Атамекен” ұлттық палатасының өкілдерін, экономистер мен сарапшыларды тарта отырып, жүйелі әрі үйлесімді жұмыс істеу керек. Бүгін Үкіметте осындай алғашқы кездесу өткізесіз. Өңірлерді де осы жұмысқа белсенді тарту қажет. Қоғамның көтеріп отырған мәселелерін жедел қарау керек. Нәтижесі бойынша нақты ұсыныстар енгізіңіз", - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Еске салайық, күні кеше құрылтайда президент салық кодексі туралы сөз қозғаған болатын.
"Инфляцияны төмендету бойынша жұмыс басталды, жаңа инвестициялық цикл жарияланды, өзге де бірқатар шешімдер қабылданып жатыр. Экономика мен бизнес жаңа салық ережелері режиміне өтуде.
Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар «фискалдық транзиттің» бірқалыпты әрі қақтығыссыз өтуін қамтамасыз етуге міндетті.
Жаңа Салық кодексін қолдануға қатысты қоғам тарапынан айтылған барлық орынды, сындарлы ұсыныстарды мұқият зерделеп, қажет болған жағдайда тиісті түзетулер енгізу керек", - деген еді президент.
