Бектенов? Ескі Қазақстанға қарсы күрес күшейеді - сарапшылар

Қаракөз Амантай 06 ақп. 2024 14:15 24333

Қазақстандық саясаттанушылар Президент Әкімшілігінің басшысы Олжас Бектеновтің үкімет басшысы лауазымына ұсынылуына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Саяси сарапшы Ғазиз Әбішев Олжас Бектеновтің бұл лауазымға “сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті қатаңдату”мақсатында ұсынылып отырғанын алға тартты.

“Олжас мырзаның Үкіметке келуде өзіндік миссиясы бар: Бектенов Тоқаевтың саясатын тежеп отырған жемқорларға қарсы аяусыз күрес жүргізеді әрі ескі Қазақстанның сыртқа тасыған активін кері қайтаруда табандылық танытады", - деп жазды Әбішев өзінің Telegram-арнасында.

Әбішев Бектеновтың Астана қаласы мен Ақмола облысының әкімдіктерінде тәжірибесі бар екенін де атап өтті.

“Оның басты ерекшелігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте жұмыс істеуі болды. Бұл қызметінде сыбайлас жемқорлық схемаларын әшкерелеп, олармен күресу бойынша ауқымды жұмыс жүргізді”, - деп жазады Ғазиз Әбішев.

Өткен жылы президент Тоқаев оны өз Әкімшілігінің басшысы етіп тағайындады. Осы тұста Бектенов Әкімшілікті реформалауды, процестерді оңтайландыруды және бюрократияны айтарлықтай азайтуды тыңғылықты түрде қолға алды деп қосты саяси бақылаушы. Сонымен бірге Олжас Бектенов заңсыз алынған активтерді қайтару процесін белсенді түрде жүргізді.

Айту керек, Бектенов үлкен саясатқа Тоқаевтың кезінде келді. Сондықтан ол “Ескі Қазақстан” өкіліне жатпайды. Саясаттанушы пікірінше, Тоқаев оның кәсіби біліктілігі мен жеке қасиеттеріне басымдық берген. 

"Ел экономикасына жаңа серпін беретін әрі нақты нәтижеге жеткізетін шешуші менеджер қажет. Осы тұста антикорда жиған тәжірибесі Бектеновке бюрократиялық және қаржылық ресурстарды қажет жерлерге бағыттап, дұрыс жолды тез табуға көмектеседі. Бектенов сыбайлас жемқорлық пен күмән келтіретін саяси байланыстар тұрғысынан 100 рет тексерілді”, - деп қосты Әбішев.

Сясаттанушы Данияр Әшімбаев та Олжас Бектеновтің мықты тұлға екенін атап өтті.

“Мен тіпті оны қатал деп айтар едім. Бірақ оған Әкімшілік басшысы ретінде үйреніп қалды. Сондықтан көпшілігі мұндай өзгеріске дайын болмады”, - деп жазды ол.

Ал саясаттанушы Оразғали Селтеев Олжас Бектенов тұлпар болып топ жарып шыққанын жеткізді.

“Оның есімі премьер-министр лауазымына үміткерлер арасында қоғамдық талқыға түскен жоқ. Өйткені бұл лауазым үшін ақпараттық күресте бой көрсетпеді. Сол себепті ел үшін күтпеген жағдай болды”, - дейді саясаттанушы.

Сонымен қатар ол осы лауазымға сай ең негізгі қасиеттерге ие екенін де атап өтті. 

"Мемлекет басшысы алдын ала ешкіммен ақылдаспаса керек. Бектенов қазіргі уақытта экономиканы монополиясыздандыру және активтерді қайтару процестерін тереңдету үшін шешуші реформатор әрі қатал басшы қасиеттеріне толығымен сәйкес келеді. Сондай-ақ сыр берген аймақтардағы бақылауды қамтамасыз ете алады”, - деп жазады Селтеев өзінің Telegram-арнасында.

Айта кетейік, заңға сәйкес, премьер-министр кандидатурасын соңғы сайлауда ең көп дауыс жинаған партия ұсынып отыр. Ел Президенті ұсынылған кандидатураны Мәжілістегі партия фракцияларының жетекшілерімен талқылайды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар