Бекжан Тұрыс: Театрды өз үйімдей көремін

Dalanews 03 шіл. 2015 00:35 1442

Бекжан ТҰРЫС, актер:

– Қазір әлем жаһандану үрдісімен жүріп келеді. Соның әсерінен ұлттық негіздеріміз тоқырауға ұшырауы мүмкін. Біз халық ретінде осы бір өткелден аман өту үшін не істеуіміз керек? Бұл жағдайда өнердің маңызы қандай?

– Осы сұрағыңа байланысты өткенде әлеуметтік желілерде жазған болатынмын. Қазіргі қалыптасқан қоғамдық жүйе тарихи тағдырларды шешуде дәрменсіз болып тұр. Енді мынау жаһандану деген жұлымыр заман келді. Міне, осы жаһандық жасанды тұрпайы мәдениеттен туындайтын теріс тәрбие, жат өнеге, жабайы үлгі, жағымсыз үгіт, кері насихат санамызды улап жатыр. Қазір бүкіл әлемнің қалталылары болсын, миссионерлері болсын бізге келіп, біздің ұлттық рухани құндылығымыздың, қазақи қасиеттеріміздің күл-талқанын шығарып жатыр. Оны мойындау керек. Ал енді осы елімізге кімдер келіп, кімдер кетіп жатыр, олар қандай мақсатты көздейді, не пайдасы, не зияны бар, мұны бақылап отырған ешкім жоқ. Ең сұмдығы адамдардың жанының, тәнінің, балаларының, арының, намысының, жерінің, байлығының бәрінің сатылуы. Бұл елдігімізді, қазақы қадір-қасиетімізді түгел сату деген сөз. Кіндігі ашылған заманда сатылмаған не қалды?! Елін, жерін сатқан, сайтанын семіртіп баққан, жұмыртқадай шіріп, табыттай тағдырды ауырлатып жатқан қазіргі өзіміздің қазақтарды көрген кезде «ей, қазақ болыңдаршы» дегім кеп тұрады. Мысалы, біз қазіргі қазақ пен кешегі қазақты салыстыруға мүлде келмейді. Қазір ұсақталып кеткен тұқымымызды көреміз. Кешегі біздің жеңгенін мақтамайтын, жеңілгенін даттамайтын қазақ тек ар алдында ғана иілген, дар алдында емес. Бүгінгі қазақты олай деуге болмайды. Біз осы елдігімізге қалай ие боламыз? скачанные файлы (2)Байырғы қазақ аттап басқанда есігіне ала жіп байлап, алты айлық сапарға алаңсыз аттанған. Ешкім ешкімнің ала жібін аттамай, ел болудың ешкімге ұқсамайтын бір керемет үлгісін көрсеткен. Ал бүгін жаһандық жасанды мәдениет біздің санамызды, әсіресе, бүгінгі жас ұрпақтың санасын улауда. Қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелер жастарға кеп тіреледі. Өкініштісі, қыздан қылық, ұлдан рух кетіп барады. Біздің міндет өнердің тілімен осы мәселелерді жеткізу болса керек. Кейде біз өнердің төңірегінде ғана қап қоямыз. Ал ұлт жайына келген кезде ойланбаймыз, оған өнер адамдары кішкене сылбыр қарайды. Ұлт болып ұйысуда, жұрт болып жұмылуда, халық болып қайрат танытуда кешегі үлкен ағаларымыздың қосқан еңбектері ерен еді. Сол аманат біздерге жүктелген. Ұлттық мүддені қорғап, Тәуелсіздікті бекемдей түсуде біздің үніміз өктем шығуға тиіс еді... Тым құмығыңқы үнімізді көп ешкім ести бермейтіні жасырын емес. Бұлай болмауы керек. Айтар сөздің мысы пәс. Тыңдар құлақ құлықсыз...
Біздің мектептің Әуезов пен Мүсірепов негізін салып  кеткен сара жолы бар. Біздің Батыс пен орыстарға негізделіп, солардағы элемент пен жаңашылдықты алғымыз кеп тұрады.  Біз, керісінше, олардан қашуымыз керек. Біздер олардан не алдық деп емес, оларға не ұсынамыз деп ойлауымыз керек. Ал олардың алары, біздің береріміз қайсы? Оларға нені кесе көлденең тартамыз? Ол Әуезов пен Мүсірепов негізін қалаған мектеп болуы тиіс.

– Қазіргі кезде өнер жұлдыздарының көбі «шоу» жасаумен әлек. Соның нәтижесінде таза өнер мен халтураны алмастырып алған сияқтымыз. Мұндай процеске қарсы тұрар қауқар бар ма?

– Қазіргі көп жерде айтылып жүргендердің дені айғай-шудан құралған жалған патриотизм. Бұл біздің болашағымызға бедел, келешегімізге кемел бола алмайды. Біз кейде жаңалық іздейміз деп, жар жағалап кетеміз. Өзгенің қаңсығын таңсық көруге бейілміз. Не іздесек те, жаңалықты да, жақсылықты да, тәрбиені де, тәжірибені де өз тарихымыздан, өз құндылығымыздан іздеуіміз керек. Біз қазір өзімізден іздемейміз. Өзіміздікіне алакөздене қарап, ескірген дүниенің сапына қоса саламыз. «Жаңаның өзі – ұмытылған ескі» емес пе еді?! Қазір құлақтан кіріп, бойдан тұрақ табатын әуезді әндер жоқтың қасы десек болады. Дәстүрлі әндерімізді біз әлі де дәріптей алмай жүрміз. Біздің небір бұлбұл көмей, жезтаңдай әншілеріміз бар. Енді әннің өзі аманат қой. Соның аман-сау қалпында жеткізілуі ләзім. Сол аманатқа обал жасамай, салауатқа сауап жасамай, бүтін қалпында жеткізу – бүгінгі әншілердің міндеті. Қазіргі әндер «дігідік, дігідік шабамын, байдың қызын аламынның» төңірегінде. Хас өнердің қадірін шоуға толы бағдарламалар кетіріп бітті. Эстрадашылардың айғайына құлақ тұнады. Олар ешкімді елемейді. Дәстүрлі әншілер мен эстрадашылар бірін бірі жамандаудан аспай жүр. Бізге дау-дамай қуып, өнбес істің соңын қуатын уақыт жоқ. Бағлан өнердің басын төрге сүйрейтін шын өнерпаздар өзара бірігіп, ұлт болмысына зиян келтірер істермен күресуді үйренгені абзал-ақ.

– Біздің театрлардың әлемдік деңгейдегі орны қандай?

– Кешегі тақыр жерден театр ашқан ағаларымыздың мектебі – өте мықты мектеп. Олар ұлттық болмыстың таза қайнарынан өріп шығып, қазақтың өз әлемін көркем деңгейде қайта өзіне ұсынды. Мен өзіміздің мектеп пен одан шыққан актерлердің шетелмен салыстырғанда артық болмаса, кем түскен тұстарын байқаған жоқпын. Шетелдерге шыға жүріп қазақ театр мектебінің мықты екеніне көзім жетті. Шетелдерде өнер көрсеткенімізде халық орнынан тік тұрып құрмет көрсетіп жатады. Қазір біздің театрды әлем таниды. Біздің мектептің Әуезов пен Мүсірепов негізін салып  кеткен сара жолы бар. Біздің Батыс пен орыстарға негізделіп, солардағы элемент пен жаңашылдықты алғымыз кеп тұрады.  Біз, керісінше, олардан қашуымыз керек. Біздер олардан не алдық деп емес, оларға не ұсынамыз деп ойлауымыз керек. Ал олардың алары, біздің береріміз қайсы? Оларға нені кесе көлденең тартамыз? Ол Әуезов пен Мүсірепов негізін қалаған мектеп болуы тиіс. Қазақстандағы барлық театрлар Әуезов театрынан бөлініп шыққан. Сол себепті біздер әке-театр саналамыз. Яғни, бас театр. Бүгінде бас театр бабында деп сенімді түрде айта аламын.

– Сіз актер ретінде театрға адалдық танытып келесіз. Кино саласында бірнеше сериалдан көргеніміз болмаса, көзге түспейсіз. Киноға түсуге құлқыңыз жоқ па, әлде ұсыныс түспей жүр ме?

– Мен мамандығым бойынша кино және театр актерімін. Киноға түсуді ұнатпаймын десем, артық айтқандық болар. Мен о баста театрдың босағасын аттағанымда алдыңғы буын аға-апаларымыздың айтқан сөздері: «Осы театр сенің төрің болсын», – деген еді. Біз сол кісілердің театр сахнасын өз үйінің төріндей көрген  әз мектебінен өттік қой. Алдымен ағалардың қолына су құйып, сол кісілердің батасын алдық. Ол кісілер бізге көбінесе театрға деген адалдықты айтатын. Театрды ештеңемен айырбастамау туралы. Ағалардың айтқан ақылын бұлжытпауға ант еткенбіз.скачанные файлы (1)

Кино саласында маған аса бір сұраныста жоқ. Бірнеше сериалға түстік. Бірақ менің қатып қалған қағидам, тәртібім бар. Телевидение де болсын, кинода болсын мен басқа жерде жұмыс істегенде, театрға кедергім тимесе екен деймін. Мен үшін театр төріндей құдіретті әлем жоқ. Ұстаздарым соны үйретті. Сондықтан менің санама сіңіп қалған болуы керек. Мен үшін бірінші кезекте театр тұрады. Бәріміз сұхбат берген кезімізде мықтымыз ғой, қатырамыз. Ал күнделікті тірлігімізде сөз бен іс қабыспай жатады. Біздің актерлердің көбі киноға түсіп жатады. Олар неге кино мен театрды бірге алып жүрмеске, театрдағы жұмысыма кедергі келтіріп жатқан жоқпын ғой дейді. Бос сөз. Солардың талайы үшін осы жерде айғай-шу болған. Талай рет театр сахнасына уақтылы келмей қалған кездері де бар. Соның бәрін жасырып, жауып қойған болатынбыз. Бұл өзіміздің қателігіміз. Ішімізде бұғып жата береді. Олар сонан кейін сұхбат берген кезде «менің театрға деген адалдығым сұмдық» деп беті бүлк етпестен сайрап береді. Өзімізден кейінгі буынды тәрбиелеу – біздің міндетіміз. Кей кездері ақыл айтып, дұрыс жолға салғың-ақ келеді. Олар болса, өзіңе ақыл айтуға құштар. «Бекжан ағамыздың жастарға көңілі толмайды» деп айтуы мүмкін.

«Менің сіз сияқты болғым келмейді, бұл не тірлік» дейтіндер де кездеседі. Талғамға талас жоқ. Таңдаған жолы өзіне ұнаса, біз не істемекпіз?

Құдайға шүкір, Алла тағалам театрдан болса да өз несібемді беріп, халық ортасында жауапкершілігімді арттырды.
Актер қалай болуы керек? Дүниеден озғанына көп болмаған Әш-ағамыз (Әшірбек Сығай) айтқандай, ол әнші, жыршы, күйші болуы керек, ол тарихшы болуы керек. Немесе сол өнерді терең зерделей алатын қабілеті болғаны жөн. Өкінішке орай, қазіргі жастарымыз мұндайға салғырттық танытады. Өйткені, кітап оқымайды. Өзінің тегін, ұрқын білмейтін ұрпақ өсіп келеді. Өзінің тарихын білмеген адам – тамырсыз дарақ дерсіз. Олар көп болса, өнердің де көсегесі көгермейді.

– Сіз ойнаған рөлдерді халық жылы қабылдайды. Кейбір көрермендердің «Бекжан Тұрыс ойнаған Шәмшіні, Қожанасырды көру үшін келдік» дегенін де естіп қаламыз. Тарихи, классикалық, заманауи кейіпкерлердің көбін ойдағыдай алып шықтыңыз. Белгілі бір рөл тапсырылғанда, оған қалай дайындаласыз?

– Ойнаған рөлдерімнің әрқайсысы мен үшін қымбат. Ең бастысы, сахнаға алып шыққан дүниелерімнің бәрі көрерменнің көңілінен шығып жатса, еңбегімнің еленгені, жұмысымның нәтижесі деп ойлаймын. Образ сомдағанда шынайы берілудің өзі үлкен дүние. Әрбір рөлді алған кезімде оған үлкен дайындықпен келемін. Ол кезде мен бәрін ұмытам, соның жетегінде кетем. Адам баласының бір ғана өмірі болатын болса, актер адамдардың өмірі екеу. Бірі – өз басының тіршілігі, екіншісі – шығармадағы кейіпкерлер. Біз де кейде сол кейіпкерлермен өмір сүреміз. Шын таланттың ойында басқа дүние болмауы керек. Қазір біз дүниені күйттеп кеттік. Қайтсек тұрмысты түзейміз, қайтсек байимыз деп. Әрине, кім тұрмысының жаман болғанын қалайды дейсіз. Жақсы боламын, одан да жақсы боламын деп жүріп, бір күні бұрқ ете қаламыз. Мен ылғида кейіпкерлеріммен бір жүремін. Олармен сырласу, сұхбаттасудан артық бақыт жоқ. Кейде маған неге ой үстінде жүресің деп айтып жатады. Қай кезде де ойсыз, мұңсыз адамнан ештеңе де шықпайтыны белгілі. Ойсыздық – бар адамның жауы. Бір образды алып шыққан соң, екіншісінің әлеміне ену үшін барымызды саламыз.
скачанные файлы (3)
Көшеде жүргенде, үйде отырғанда, тіпті төсекте жатқанда да ойымыздан образдар жиынтығы кетпейді. Мұның бәрі актер болып қалыптасуымызға зор еңбек еткен Асқар Тоқпанов, Қадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбекова сияқты ұстаздарымның арқасы. Мен сол кісілерден дәріс алғаныма бақыттымын. Мұны мақтанышпен айтамын. Бүгінгі жас актерлерге қандай білім, қандай ілім беріп жатыр екен деп уайымдайтынымыз да шын. Театр ұлт руханиятының ұйытқысы екенін ұмытып кеткендей көрінеміз.

– Сөзіңізден аңдағаным, соңыңыздан ерген жас актерлерге қояр талабыңыз қатаң секілді... Сіздерден кейінгі толқынның бойынан қандай қасиетті көресіз? Ұлт театрын көркейтер жастар кім десе, кімдердің есімін атар едіңіз?

– Жастардың бәрін бір шыбықпен айдап, көңілім толмайды десем асылық болар. Ізденгіш, өзіне қатаң талап қойғыш жастар бар. Өкініштісі, көп емес. Өнердегі оның ойнаған рөлі жақсы шығар, бірақ өзінің жақсы адам болып қалыптасуы бөлек нәрсе. Өмірде жақсы адам бола алса ғана, одан жақсы актер шығады. Актер қалай болуы керек? Дүниеден озғанына көп болмаған Әш-ағамыз (Әшірбек Сығай) айтқандай, ол әнші, жыршы, күйші болуы керек, ол тарихшы болуы керек. Немесе сол өнерді терең зерделей алатын қабілеті болғаны жөн. Өкінішке орай, қазіргі жастарымыз мұндайға салғырттық танытады. Өйткені, кітап оқымайды. Өзінің тегін, ұрқын білмейтін ұрпақ өсіп келеді. Өзінің тарихын білмеген адам – тамырсыз дарақ дерсіз. Олар көп болса, өнердің де көсегесі көгермейді. Мәселе жақсы рөлді бір рет ойнап шығу емес. Адам бір ғана жақсы рөлмен тарихта қалуына болады. Ондай деңгейге жету үшін ұшан-теңіз білім мен рухи тазалық қажет. Баяғыда Әшірбек ағамыз айтатын: «Актер адамының жаны нәзік хрусталь сияқты, ар жағы көрініп тұрады, абайламасаң сынып кетеді» деп. Кейде хрустальдің іші-сыртын шаң бүркеп қалмады ма екен деген ой сананы сан саққа жүгіртеді.

М. Әуезов: «Сенің институт бітіргеніңмен, ұстаздық мектептен өтпеуің мүмкін, ол – қасірет» деген екен. Жүсіпбек Аймауытов болса: «Қара қазақтың мәдениетті болуынан, мәдениетті адамның қазақ болуы қиын» депті. Білгені болғанмен, көргені жоқ, алым-берімі болғанмен, өнегесі жоқ дипломды дүбәралар көбейіп кетті. «Адам боп өту – парыз» екенін ұмыттық. Кейде бізде жалған сөйлейміз, темір-терсек пен атақтың, танымалдылықтың құрбаны боламыз. Биліктің тастаған сүйегіне мәз боламыз. Тіпті, сол жалғандықтың жолында өнерді құрбан етуге арланбайтын болып барамыз. Біздегі ішті үңгитін күйзеліс сол.

– Қазақ театрына жаңа леп әкелген режиссер Қайрат Сүгірбеков туралы көп айтылмайды. Замандасыңыздың жарық дүниеден өткенінен де біраз жылдың жүзі болды. Талантты уақытында бағаламау, танымау ұлт бойындағы орны толмас кемшілік емес пе осы?

– Қайрат жарқ етіп сөнген жұлдыз болды ғой. Қазақтың бағына туған жігіт еді. Театрға өз мәнеріндегі жаңа өріс алып келді. Мен оның екі-үш спектаклінде ойнадым. Өте бір ізденімпаз, кеңінен ойлап, актерлермен бірігіп жүмыс істейтін жақсы қасиеті бар еді. Жүрегі де таза азамат болатын. Мүмкін, орынды-орынсыз сындарды көтере алмаған болар. Кім біледі? Мүмкін, жүйкесі мен жүрегіне жүк түскен де шығар. Ерте өмірден өтіп кетті. Өзі бала сияқты болатын. Бір нәрсе болмай жатса жылап сала беретін. Біздер Қайраттың жылағанына таң қалып, күліп жүретінбіз. Болмысында қағілез, әлдекімдердей күпсініп, ісінбейтін, жүрегіне сызат түсірмеген, тұнығынан тебен көрінетін табиғи таза қалпы бар болатын. Кейде біздер асылдарымыздың қадірін ғасыр өткен соң ғана бағалайтынымыз бар. Кейде солар өлмейтіндей, өлсе қайтіп көңілге енбейтіндей көреміз. Ал өлген соң қысыр сөздер, жалған архив, құрғақ қағаздарға бой алдырып жатамыз. Арамызда әлі де сондай азаматтар бар. Соларды тірісінде бағалауымыз керек.

 

Сұхбатыңызға рахмет!

 

Сұхбаттасқан Нұрсерік Тілеуқабыл

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар