Bek Air апаты: жауапкершіліктен қашқан басшы кімдерді кінәлады?

Көркем Алдабергенова 19 там. 2025 10:06

Bek Air-дің бұрынғы басшысы 2019 жылғы әуе апаты жайлы сотта айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Айта кетейік, бұл атышулы іс Алматының Түрксіб аудандық сотында «Әуе кемесін пайдалану немесе қозғалыс қауіпсіздігі ережелерін бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның қаза болуына әкеп соқтыру» бабы бойынша қаралып жатыр. 2019 жылы Fokker 100 ұшағы әуеге көтеріле алмай, қатты соғылып, ұшу-қону жолағынан шығып кеткен. Кейін ол салынып жатқан тұрғын үйге соғылған.

Апат салдарынан 12 адам қаза тапты, тағы 69 адам жарақат алды.

Orda.kz мәліметінше, сотқа қорғану құқығымен куәгер ретінде шақырылған Нұрлан Жұмасұлтанов өзін компанияның басшысы ретінде мойындаудан бас тартты. Ал тергеу кезінде ол мұны керісінше растаған еді. Жәбірленуші тараптың өкілдерінің бірі әріптестерін «Жұмасұлтановты қорғап отыр, айыптамай отыр» деп сөкті.

Жабылып қалған әуе компаниясының бұрынғы басшысының мұндай мінезін түсінуге болады: себебі апатқа сеп болған жаңа мән-жайлар ашылып жатыр.

Бұл Bek Air-дің кейбір басшыларының ақыры жауапқа тартылуы мүмкін екенін білдіреді. Әзірге апат үшін кінә марқұм болған ұшақ командирі Марат Мұратбаев пен екінші пилот Миржан Молдақұловқа артылды.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 2019 жылдың соңында болған Bek Air әуе апатына қатысты тергеу қайта жүргізілетінін хабарлаған едік. Бұл туралы көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, аталған ұшақ апатына қатысты тергеу жұмыстары қайта жанданбақ.

2024 жылдың желтоқсанында экс-министр Марат Қарабаев та бұл іс бойынша тергеу қайта басталуы мүмкін екенін айтқан еді.

Bek Air әуе апаты 2019 жылғы 27 желтоқсанда болған. Алматыдан Нұр-Сұлтанға (қазіргі Астана) бағыт алған ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін бірден биіктігін жоғалтып, әуежай маңындағы қоршауды бұзып өтіп, екі қабатты коттеджге соғылған. Ұшақта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат салдарынан 12 адам қаза тапқан.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар