Танымал блогер әрі кәсіпкер Бейбіт Әлібеков әкесі Бақыт Әлібековтің әлеуметтік желідегі даулы жазбаларына қатысты пікір білдірді. Ол әкесінің көзқарасын қолдамайтынын және екеуін бір тұлға ретінде қабылдамау керегін айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Бақыт Әлібековтің Facebook парақшасындағы жазбалардың скриншоттары тараған. Жазбалардың бірінде ол Ресей, Қытай, Өзбекстан, Беларусь және басқа да посткеңестік әрі Азия елдерінен келетін тауарларға қарсы адамдарды кемсітетін сөздермен атаған. Сондай-ақ Батыс елдерін қолдайтын азаматтарға қатысты әдепсіз әрі қорлайтын пікір білдірген.
"Өресі тар, сатқын “қазанбастар” құрамында Ресейдің, Қытайдың, Өзбекстанның, Беларусьтің және басқа да посткеңестік әрі Азия елдерінің үлесі бар бургер, кофе, шұжық, ірімшік, май және өзге де өнімдерге ғана үре алады", - деп жазған Бақыт Әлібеков.
Жазбаның соңында ол АҚШ пен бірқатар Батыс елдерін жақтайтын адамдарды тұрпайы сөздермен сынаған. Бұл пікір көпшіліктің наразылығын туғызып, желі қолданушылары Бейбіт Әлібековтен де түсініктеме беруді талап еткен.
Блогер әкесінің ұстанымы мен өзінің көзқарасын бір-бірімен байланыстырмауға шақырды.
"Барлығымыз ата-ананы таңдамаймыз, олар да бізді таңдай алмайтыны анық. Әкемнің көзқарастары мен пікірлерін ешқашан қолдаған емеспін және бұл туралы бірнеше рет ашық айттым. Менің де ересек жасқа жетіп қалған балаларым бар, ересек адаммын. Әкем және мен екі бөлек тұлға екенімізді ұмытпаған жөн шығар", - деді Бейбіт Әлібеков.
Ол әр адамның жеке ұстанымы мен пікір білдіруге құқығы бар екенін атап өтті. Алайда өзі тек айтқан сөзі, әрекеті және көзқарасы үшін жауап бере алатынын жеткізді.
"Әр адамның өз ұстанымы мен пікірі болуға құқығы бар. Бірақ мен өз сөзіме, іс-әрекетіме және көзқарасыма ғана жауап бере аламын", - деп жазды блогер.