Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының хабарлауынша, биылғы жылы "Еңбек" бағдарламасын жүзеге асыруға 16,1 млрд теңге бөлінген.
Оның бірінші бағыты бойынша 4040 адамды кәсіби оқытуға 2297,4 млн теңге бөлінген, соның ішінде 2505 адамды тегін кәсіби техникалық білім мен қысқа мерзімдік оқытуға 594,4 млн теңге қарастырылған.
Қазіргі кезде өңірдің 15 оқу орны мен 17 оқыту орталықтарында 45 мамандық бойынша қысқа мерзімдік оқытуға 2528 адам бағытталған. Соның 1396-сы оқуын аяқтады, 782 адам немесе 56% тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Бағдарламаның екінші бағыты бойынша 6190,4 млн. теңге бөлінген. Оның ішінде 1094 потенциалды қатысушыларды шағын несиелендіру үшін 4791,3 млн. теңге, қалаларда және ауылда шағын несиелерді кепілдендуріге – 90,0 млн. теңге, микроқаржылық ұйымдардың операциялық шығындарын субсидиялауға – 10 млн. теңге бөлінген.
Бүгінгі күні ауылдық жерлерде 3512,0 млн.теңге сомасында 859 микрокредиттер берілді, қалаларда 13 адам 137,5 млн теңге көлемінде микрокредит алды. Бұл ретте қалаларда 2019 жылғы қаражат есебінен 11 адам 106,5 млн.теңге көлемінде микрокредитке қол жеткізді. Сол сияқты "Бастау Бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқып үйренуге 3645 адам жіберілді. Жаңа бизнес-идеяларын дамыту үшін 2130 адамға 1299,2 млн. теңге сомасында мемлекеттік грант беру қарастырылған. Бүгінгі күні 920,3 млн. теңгеге 1795 грант берілді.
Сонымен қатар үшінші бағыт аясында 7580,2 млн теңге бөлінген. Үшінші бағыттың барлық көрсеткіштері артығымен орындалды.
Баталов сөзінде тұрды
Амандық Баталов бұдан бұрын биыл өңірде 46 мыңнан астам жұмыс орны ашылатынын айтқан. Аймақ басшысы "Еңбек" бағдарламасының маңыздылығын ұдайы сөз етіп, үнемі назарда ұстайды.
Төтенше жағдай жөніндегі мемкомиссияның отырысында Мемлекет басшысы Тоқаев осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін 1 трлн теңге бөлуді тапсырған-ды.
“Оның ішінде Алматы облысына 109,2 млрд.теңге бөлінді. Бұл біздің өңір үшін өте маңызды және қажетті қаражат. Бірінші кезекте халықты жұмыспен қамту мәселесін шешу маңызды.
Өйткені коронавирусқа байланысты облыстың көптеген тұрғындары жұмыссыз қалды. Олардың отбасыларына жағдай жасап, жаңа жұмыс орындарын ашу қажет.
Бұған дейін жұмыс жасауға осындай орасан зор қаражат бөлінген жоқ. Сондықтан біз оларды бөлгенде жауапкершілікпен қарауымыз керек. Есепті кездесу, жеке қабылдаулар кезінде тұрғындар жүгінген облыстың аудандары мен қалаларына да қаражат бөлеміз”, – деген болатын бұдан бұрын Баталов.
Бұдан бөлек ол “түрлі форум, конференция өткізуді тоқтатып. Оған жұмсалған ақшаны халыққа жұмыс тауып беруге бағыттау керектігін” айтқан.
“Мемлекет басшысы ең алдымен халықтың алдындағы әлеуметтік міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етуді қатаң тапсырды. Оған бізде қаржы толық көлемде қарастырылған. Қажет болса, маңызды емес шығындарды қысқарту есебінен бұл қаржы көлемін арттыра аламыз.
Биылғы жылы 46 мыңнан астам жұмыс орнын құруды жоспарлап отырмыз.
Имидждік шараларды өткізуге бағытталған шығындарды және бюджеттің басымдық берілмейтін шығындарын қысқарту, көлік, жиһаз сатып алуды тоқтату қажет”, – деген еді аймақ басшысы.