Басын таспен үш рет ұрған: Шу тұрғыны адам өлтіргені үшін сегіз жылға сотталды

Басын таспен үш рет ұрған: Шу тұрғыны адам өлтіргені үшін сегіз жылға сотталды
Фото: egemen.kz

Шу тұрғыны аялдамада танысқан ер адамды өлтіргені үшін сегіз жылға сотталды. Әйел ер адамның жыныстық зорлық көрсету әрекетінен қорғанғанын айтқан. Алайда сот оның бұл уәжін қабылдамай, әрекетін қасақана адам өлтіру деп бағалады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қайғылы оқиға мамыр айында болған. Анар Нұрымова мен Ернар Бұғаев (есімдері өзгертілген) аялдамада танысып, бірнеше сағаттан кейін Шу ауданындағы Алға ауылында орналасқан жеке үйге барған.

Айыптау тарапының нұсқасы бойынша, әңгімелесу кезінде ер адам әйелге әдепсіз ұсыныс жасаған. Осыдан кейін Нұрымова аулаға шығып, төсемтастың бір бөлігін алып, ер адамның артынан келіп, басынан ұрған. Ол жерге құлағаннан кейін әйел тағы екі рет соққы жасаған. Ер адам алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған.

Сот барысында Нұрымова ер адамның алдына жалаңаш шыққанын, жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлегенін, ұрып-соғып, тұншықтырғанын және өлтіремін деп қорқытқанын айтты.

Оның сөзінше, тасты өзін қорғау үшін алған. Ал ер адам қайта тұрып, тағы шабуыл жасайды деп қауіптенгендіктен, кейінгі екі соққыны жасаған. Оқиғадан соң әйел полиция мен жедел жәрдемді өзі шақырған.

Алайда сараптама оның денесінен жарақат белгілерін анықтамады. Бұған дейін марқұмға қатысты болжамды зорлық-зомбылық дерегі бойынша қозғалған іс қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылған.

Сот соққылардың жасалу ретіне ерекше мән берді. Алғашқы соққыдан кейін ер адам жерге құлағанына қарамастан, сотталушы оның басынан тағы екі рет ұрған. Осыған байланысты сот әйелдің әрекетін қасақана адам өлтіру деп саралады.

Жаза тағайындау кезінде Нұрымованың кінәсін мойындауы, өкінуі, өз еркімен полицияға хабарласуы және бес баласының болуы ескерілді. Оның төрт баласы кәмелетке толмаған. Марқұмның ағасы әйелді кешіретінін айтып, одан өтемақы талап етпеді.

Сот үкімімен Анар Нұрымова қауіпсіздігі орташа мекемеде сегіз жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.