Баспана нарығындағы парадокс: үй көп, сатып алушы аз

Қаракөз Амантай 22 шіл. 2025 10:02

Биылғы жылдың алғашқы жартысында елімізде 70 мыңнан астам пәтер салынды. Бұл — тұрғын үй құрылысы бойынша рекордтық көрсеткіш. Алайда құрылыс қарқыны жоғары болғанымен, баспана бағасы төмендемей тұр. Себебі тұрғын үйге сұраныс әлі де жоғары, ал халықтың сатып алу мүмкіндігі шектеулі, деп хабарлайды Dalanews.kz 31 арнаға сілтеме жасап.

Жаңа үйлердің көптеп салынып жатқанына қарамастан, баспана бағасы шарықтап тұр. Мәселен, маусым айында бастапқы тұрғын үй бағасы бір жылда 9,5 пайызға өскен. Шымкентте – 16%, Алматыда – 15%, ал елордада – 6%-ға жуық қымбаттаған. Қазір республика бойынша бір шаршы метрдің орташа құны — 527 мың теңге. Былтыр бұл баға 488 мың теңге еді.

Сарапшылардың айтуынша, құрылыс көлемі артқанымен, сұраныс одан да жоғары. Ал халықтың төлем қабілеті шегіне жеткен. Пәтер алу жөніндегі келісімшарттар азайған. Және бұл жағдай жылдың соңына дейін айтарлықтай өзгермейді.

“Ай сайын 45 мың сатып алу-сату келісімін жасау межесіне жете алмаймыз. Себебі аймақтарда белсенділік 20 пайызға, тіпті одан да көпке төмендеді. Ал ірі қалаларда бұл көрсеткіш өзгермелі күйде тұр”, – дейді жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Александр Пак.

Көптеген қазақстандық жаңа ипотекалық бағдарламаларға үміт артып отыр. Алайда мамандар алдағы жылдары ипотека шарттары да қолжетімсіз бола түседі деп болжайды.

“Келесі жылдан бастап бағаға ҚҚС-тың өсуі, заңнамадағы өзгерістер мен доллар бағамының қымбаттауы әсер етеді. Соның салдарынан құрылыс құны да артады. Өйткені әр шаршы метрдің 50 пайызы шетелден жеткізілетін материалдардан тұрады”, – дейді халықаралық жылжымайтын мүлік сарапшысы Лев Тетин.

Сарапшылардың болжамынша, 2025 жылдың соңына дейін пәтер бағасы тағы 12–15 пайызға өсуі мүмкін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар