Бас прокуратура Рысқалиевке байланысты жаңа деректі бөлісті

Қаракөз Амантай 28 ақп. 2024 13:54 5128

Қазақстан бас прокурорының орынбасары Әсет Шындалиев желіні шулатқан Бергей Рысқалиевке байланысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

“Қазақстанда сотталған Бергей Рысқалиев қалайша Лондонда емін-еркін жүр?” деп сұраған БАҚ өкілдеріне Шындалиев мәселенің бұлыңғыр екенін айтып, экс-шенеунікті елге жеткізу әзірге мүмкін емес екенін атап өтті.  

"Атырау облысының экс-әкіміне сырттай үкім шыққан. Өкінішке қарай Ұлыбритания мен Қазақстан арасында оны экстрадациялау бойынша ешқандай келісім жоқ. Ал тиісті келісім болмаса, біздің құқық қорғау органдары ештеңе істей алмайды. Ресми сауал жолдаңыздар. Бәлкім, мұндай өтінімдер жіберілген де шығар. Бірақ оның қалай орындалғанын білмеймін", – деді Қазақстан бас прокурорының орынбасары.

Еске сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Бергей Рысқалиев пен Аслан Мусиннің Лондонда бірге түскен фотосы жарияланған еді. Мұны қоғам белсендісі Тұрарбек Құсайынов таратқан болатын.

"Шындығында Атырау жұртына кең танымал Бергей ағамыздың айналасындағы жігіттер Европадағы қазақ диаспорасының ішіндегі ең мықты топ десек болады. Бұл ағаларымызды судан таза, сүттен ақ демеймін,себебі Қазақстан секілді супер президенттік жүйеде жемқорлықтан ешкім ада бола алмайды.Бірақ қалай айтсақ та, әр қазақ- менің жалғызым демекші, елден жырақ жүрген кез келген европашыл қазақ біз үшін қымбат болуы тиіс...", - деп жазды қоғам белсендісі.

2013 жылдың 5 ақпанында Бергей Рысқалиевке іздеу жарияланған. Оған Қылмыстық кодекстің 176-бабы бойынша көзделген қылмысты жасады және ұйымдасқан қылмыстық қоғамдастық құрды деген айып тағылды. 2019 жылдың 25 қаңтарында сырттай сот отырысы өтіп, Атырау облысы және Атырау қаласының экс-әкімі 17 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ол саяси себептермен Ұлыбританияда босқын мәртебесін алған. Себебі елдің Жоғарғы соты қылмыстық қудалаудың саяси астары бар деп шешкен.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар