Жамбыл облысының Мерке ауылында жас келіншек көз жұмып, артында сегіз айлық сәбиі қалды. Қайғылы оқиғаға қатысты мәліметті заңгер Әлмира Амангелдиева жариялады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Заңгердің айтуынша, марқұм әйел қайғылы жағдайға дейін жақын құрбысымен хат алмасқан. Хабарламаларында ол отбасындағы жанжал туралы айтып, күйеуінің өзіне күш көрсеткенін жазған.

Келіншектің сөзінше, кезекті жанжалға өзі жеген «Барни» шоколадты печеньесі себеп болған. Сондай-ақ ол хаттарында жұбайымен ажырасуды жоспарлап жүргенін айтып, құрбысынан қарыз сұраған.
Кейін әйелдің қайтыс болғаны белгілі болды. Артында сегіз айлық сәбиі қалған. Алайда оқиғаның нақты мән-жайы, әйелдің соққыға жығылғаны туралы ақпарат және отбасындағы жанжалдың оның өліміне қандай да бір қатысы бар-жоғы әзірге ресми түрде расталған жоқ.