Меркіде қаза тапқан 19 жастағы Мадинаның туыстары істің әділ әрі жан-жақты тергелуін талап етіп отыр. Марқұмның тәтесі Мехриханның айтуынша, Мадина қайтыс болардан аз уақыт бұрын ажырасуға өтініш беріп, заттарын жинап, күйеуінен кетуге дайындалған, деп хабарлайды dalanews.kz.
CMN басылымының жазуынша, туыстары жас келіншектің өзіне қол жұмсағанына сенбейді және оның өліміне қатысты барлық мән-жайдың анықталуын талап етеді.
Оқиға қалай болған?
19 жастағы Мадина Авезова 16 тамызда Меркіде қайтыс болды. Бұған дейін БАҚ-та оның отбасылық жанжалдан кейін өзіне қол жұмсауы мүмкін екені хабарланған.
Оқиға туралы алғашқылардың бірі болып Мадинаның құрбысы Зейнеп Threads желісінде жазды. Оның айтуынша, қайғылы жағдайдың алдында Мадинаны күйеуі Мадияр "Барни" бисквитіне байланысты туындаған жанжал кезінде ұрған.
Зейнеп марқұммен арадағы хат алмасудың скриншоттарын да жариялады. Онда Мадина күйеуінің тәттіні баласына алып келгенін, өзі біреуін жеп қойғаннан кейін жанжал басталғанын айтқан. Кейін сөзге енесі де араласқан. Мадинаның жазуынша, күйеуі анасына дөрекі жауап берді деген себеппен оны ұрған.
Көп ұзамай Мадина асылып қалған күйінде табылғаны хабарланды. Полиция "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Алайда марқұмның жақындары бұл нұсқамен келіспейді.
Туыстары Мадинаның денесін бірден көре алмаған
Мадинаның тәтесі Мехриханның сөзінше, қыздың қазасы туралы естіген анасы туыстарымен бірге Меркіге барған. Ол кезде әйелдің жағдайы өте ауыр болған.
"Ол жылап тұрды. Қолтығынан демеп жүрді, есінен танып қала жаздады. "Мадинаны көрдің бе?" деп сұрадым. Ол бір сәт қана көргенін, көзін аша алмағанын айтты. Қолынан ұстап, "Жүр, өзіміз барып көреміз" дедім", – дейді Мехрихан.
Туысының айтуынша, бастапқыда оларды мәйітке жақындатқысы келмеген. Соған қарамастан, Мехрихан әпкесімен бірге ішке кірген.
"Бізге "Кірмеңдер, бізбен бірге кіресіңдер, ол енді біздікі" дегендер болды. Мадинаның күйеуін де, енесін де көрмедік. Бізге ешкім көңіл де айтпады", – дейді ол.
Мехрихан Мадинаның денесін өзі көргенін айтып, онда көптеген жарақат белгілері болғанын мәлімдеді. Бұл – туысының сөзі, жарақаттардың нақты сипаты мен пайда болу себебін сот-медициналық сараптама анықтауы тиіс.
Отбасы қайта сараптама жүргізуді талап еткен
Мадинаның туыстары оның өзіне қол жұмсағаны туралы нұсқаға күмән келтіріп, тергеушімен байланысқан және қайта сот-медициналық сараптама жүргізуді талап еткен.
Мәйіт моргқа жеткізіліп, жақындары сонда таңға дейін қалған. Мехриханның айтуынша, тек келесі күні ғана Мадинаның денесін алып кете алған.
Ол морг маңында екі жақтың туыстары арасында жанжал болғанын да мәлімдеді.
"Моргтың алдында бізбен ұрысып, мәйітті жерлеуге бергісі келмеді. Бірақ заң бойынша оны менің әпкем ғана ала алады. Бізге, күйеуіме бірнеше адам тап берді. Олардың туыстары шамамен 20 көлікпен келді. Тіпті біреуі органдарда жұмыс істейтінін айтып, бізді қорқытты. Соған қарамастан Мадинаның денесін Алматыға алып кеттік", – дейді әйел.
Мехриханның сөзінше, күйеуінің туыстары Мадинаны жақындарына хабарламай, тезірек жерлеуді жоспарлаған.
"Олар оны тез жерлегісі келген. Алдымен түнгі үште, кейін бесте, одан соң таңғы жетіде жерлеуді жоспарлапты. Жерін де қазып қойған. Мадина кешкі сағат онда қайтыс болды. Таң атпай жерлемек болған. Бізге хабарлаған жоқ, рұқсат сұрамады", – дейді ол.
Туыстары сот-медициналық сараптаманың түпкілікті қорытындысын күтіп отыр.
"Ажырасуға өтініш берген"
Мехриханның айтуынша, Мадина қайтыс болардан бұрын күйеуінен кетуге дайындалған. Оның сөзінше, Мадинаны 17 жасында алып қашқан. Сол кезде туыстары қызды алып кетуге барғанымен, Мадина өзі қалуға шешім қабылдаған.
"Ол оны алдап көндірді. Біз артынан бардық, бірақ өзі қалғысы келді. Жас қой, көп нәрсені түсінбеді. Құдалар той да, құдалық та өткізген жоқ, тек беташар жасалды", – дейді Мехрихан.
Туысының айтуынша, ерлі-зайыпты арасында бұған дейін де бірнеше рет жанжал болған. Кей кездері Мадина анасының үйіне кетіп қалып, кейін күйеуі кешірім сұраған соң қайта оралып жүрген.
Мехрихан Мадинаның қаза болған күні АХАТ бөліміне барып, некені бұзу туралы өтініш бергенін айтады.
"Түсте АХАТ-қа барып, ажырасуға өтініш жазған. Ол мұны біліп, Мадинаны ұрған. "Барни" тек сылтау болған. Мадина заттарын да жинап, суретін құрбысына жіберген. Бұл өзіне қол жұмсамақ болған адамның әрекетіне ұқсамайды", – дейді туысы.
Мадинаның құрбысы Зейнеп те қайғылы оқиғадан бір күн бұрын оның Алматыдан пәтер іздеп, үй иесімен байланысқанын айтқан.
Құрбысы бұған дейінгі жанжалдардың куәсі болғанын айтады
Мадинаның тәтесінің сөзінше, Зейнеп құрбысының үйіне Меркіге барып, бір апта тұрған. Мехрихан сол кезде Зейнеп Мадинаның күйеуінен жәбір көргеніне куә болғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, жас отбасының қаржылық жағдайы да қиын болған. Мадина анасына хабарласып, азық-түлік пен тұрмыстық қажеттіліктерге ақша сұрап отырған.
Туысы сондай-ақ Мадинаны анасына қатысты мәселелермен қорқытқанын алға тартты. Бұдан бөлек, Мехрихан Мадинаның жүкті болғанын, жүктілік мерзімі шамамен сегіз апта болғанын мәлімдеді. Оның бұрын да жүктілігі үзіліп қалғанын айтып, мұны да зорлық-зомбылықпен байланыстырады. Алайда бұл мәлімдемелерге қатысты ресми сараптама қорытындысы жарияланған жоқ.
"Ол өмірді жақсы көретін"
Мехрихан Мадинаны жерлеуге дайындауға өзі қатысқанын айтты. Оның сөзінше, марқұмның денесінде тырналған және көгерген жерлер болған, ал шашына шөп араласып қалған.
"Оны өзім жуындырдым, бәрін өз көзіммен көрдім. Зейнепті шақырып, суретке түсіруін өтіндім. Денесі тырналған, шашы ұйысып, шөп араласып қалған. Арқасы шыбықпен ұрғандай немесе сүйрегендей көрінді. Күйеу бала оны жіптен түсіргеннен кейін жерде сүйрегенін айтып отыр", – дейді Мехрихан.
Дегенмен Мадинаның нақты неден қайтыс болғанын және денесіндегі жарақаттардың қалай пайда болғанын тергеу мен сот-медициналық сараптама анықтауы тиіс.
Қазір марқұмның отбасы істің объективті тергеліп, кінәлі адам болса, заң аясында жауапқа тартылуын талап етіп отыр.
"Бала соларда. Біз ол кезде баланы ойлауға да шамамыз келмеді. Бізге әділдік керек. Кінәлі адам лайықты жазасын алсын дейміз. Содан кейін баланы Мадинаның анасына береді. Ол заттарын жинап, құрбысына суретін жіберіп, артынша өзіне қол жұмсайтын адам емес еді. Ол жаңа өмір бастағысы келді. Мадина отбасындағы жалғыз қыз болатын. Анасы оны жалғыз өсірді", – деді марқұмның тәтесі.