"Бәрін бақылап отырмын". Тоқаев Бектеновтің жұмысына баға берді

Қаракөз Амантай 06 қаз. 2024 10:29 2141

АЭС құрылысы бойынша референдумда дауыс бергеннен кейін, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев журналистердің сұрақтарына жауап берді. Оған Үкіметтің қазіргі жұмысына көңілі тола ма деген сұрақ қойылды, деп жазады Dalanews.kz.

"Үкімет белсенді жұмыс істеп жатыр деп ойлаймын. Президент ретінде қойған тапсырмаларды орындауға тырысуда. Жұмысымыз қарқынды, бірақ ол әрдайым БАҚ арқылы көрініс таба бермеуі мүмкін. Мен үнемі ақпарат алып отырамын, елдегі жағдайлардан хабардармын. Көп оқитын адаммын. Министрлер мен Үкіметтің кейбір жұмысында кемшіліктер кездессе, міндетті түрде ескертемін. Жеті ай көп уақыт емес, сондықтан Үкімет мүшелері өздерін әлі де көрсете алады. Негізгі міндетіміз – ел экономикасының дамуына жаңа серпін беретін мүмкіндіктерді табу", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске салайық, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы сайлау учаскесіне барып, АЭС бойынша референдумда дауыс бергенін бұған дейін хабарлаған едік.

Тоқаев таңдауын жасағаннан кейін БАҚ өкілдерінің алдына шығып, бірнеше сауалға жауап берді. Оның ішінде көпті толғандыратын Атом электр станциясын кім салады деген сұрақ та болды.

Президенттің сөзінше, бұл қиын мәселе.

Сондықтан Үкімет оны талдап, тиісті келіссөздер жүргізуі керек.

“Бірақ бұл мәселеге менің жеке көзқарасымды айтсам, Қазақстанда халықаралық консорциум жұмыс істеуі керек. Ол міндетті түрде ең озық технологиялары бар жаһандық компаниялардан тұруы керек. Бірақ, өмір көрсетеді", — деді президент.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар