Freedom Inside '26

"Бәрібір болып кетті": Сұлтан Сәрсемәлиев балдызын қалай өлтіргенін айтып берді

"Бәрібір болып кетті": Сұлтан Сәрсемәлиев балдызын қалай өлтіргенін айтып берді
Dalanews.kz коллажы

Атырауда бір отбасының өліміне қатысты атышулы сот процесі жалғасып жатыр. Бүгінгі отырыста айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиев Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаның өліміне қатысты жауап берді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сот барысында Наурыз Мұқанғалиевтің оқиға орнында бірден көз жұмбағаны айтылды. Айыпталушының сөзінше, ол мұндай жағдайға өмірінде алғаш рет тап болған.

"Наурыз бірден қайтыс болған жоқ. Өмірімде бірінші рет осындай жағдай болды. Бұрын мал да сойып көрмегенмін", – деді Сәрсемәлиев.

Оның айтуынша, болған оқиғадан кейін ол біраз уақыт аулада отырып, не істерін білмей қалған. Кейін үйге қайта кіргенде Наурыздың еденде жатқанын көрген.

Айыпталушы сол сәтте марқұм тірі қалуы мүмкін деп ойлағанын, бірақ кейін оның бәрін туыстарына айтып береді деп қорыққанын жеткізді. Сәрсемәлиев полиция шақыруды да ойлағанын, алайда бес баласын есіне алып, ұзақ уақыт шешім қабылдай алмағанын айтты.

Сотта ол Мейрамгүл Қарабалинаның өліміне қатысты да жауап берді. Айыпталушының сөзінше, Мейрамгүл ата-анасы қайтыс болғаннан кейін Жангелдин ауылынан әкелініп, Ақбаянға көмектесу үшін үйде болған. Кейін екеуінің арасында жанжал шыққан.

Сәрсемәлиев Мейрамгүлдің өзіне ауыр сөз айтқанын, содан кейін ашуға ерік бергенін мәлімдеді.

"Ол кезде ешқандай өкініш болған жоқ. Үш адамды өлтіргеннен кейін бәрібір болып кетеді екен", – деді айыпталушы сотта.

Іс материалдарында Мейрамгүлдің өліміне бұған дейін Маұсот Қарабалин мен Нәсіп Мұқанғалиеваның қазасына қолданылған пышақ пайдаланылғаны көрсетілген.

Айыпталушы қылмыстан кейін Мейрамгүлдің денесін Наурыз Мұқанғалиевтің мәйіті жасырылған жерге апарып көмгенін айтты.

Еске салайық, бұған дейін сотта Сәрсемәлиевтің жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның алғашқы жауабының бейнежазбасы көрсетілген еді. Онда ол болған жағдайды түсінбейтінін айтқан.