Мәжілісменнің айтуынша атышулы Оператор РОП-тың түпкі иесі - Әлия Назарбаева. Даулы іс бойынша сұрау алынған куәгерлер де компанияның Назарбаевтың кенже қызына тиесілі екенін айтқан.
"Алайда бұған сот та, Бас прокуратураның өкілдері де назар аудармады. Мұны қалай түсінеміз?", - дейді дағдарған депутат.
Әлияның сыбайласы саналған Экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұловтың биылғы жылдың шілдесінде жеті жылға сотталғанын айта кету керек. Оған компанияның топ-менеджерлерімен ауыз жаласып, 26,8 млрд теңгені қымқырды, бұдан бөлек қоқыс өртейтін алты зауыттың құрылысына бөлінген 180 млрд теңгені жымқырмақ болды деген айып тағылған.
Компанияның атқарушы директоры Руслан Шәмшиев былтырғы жылдың 26 қазанында асылып қалған. Саясаткер Санжар Боқаев тергеудің алдында көз жұмған Шәмшиевтің өзіне қол жұмсағанына күмән келтірген.
"Шәмшиев суицид жасаған жоқ, оның ажалы адамнан келді. Тергеушілер бір жыл бойы марқұмның туған-туыстарын адастырып келген. Оның денесіндегі айғақтар Шәмшиевтің өздігінен асылып өлмегенін растайды. Мәскеулік сарапшылар мұндай ұйғарымға келген қазақстандық әріптестердің шешімін жоққа шығарып отыр. Ілгерідегі фактілерді есепке ала келе, оның өз-өзіне қол жұмсамағанын көреміз", – деген болатын Dalanews-ке пікір білдірген саясаткер.
Бұған дейін "Оператор РОП"- тағы қаржы жымқыру ісіне байланысты сот отырысында айыпталушылардың бірі, компанияның экс-қаржы директоры Рүстем Темірбек Әлия Назарбаеваны сотқа шақыруды талап еткен.
Әлия Назарбаева "Оператор РОП" компаниясының құрылтайшысы болған. Темірбектің сөзінше, Назарбаеваның ақша алғанын дәлелдейтін құжаттар бар.
Сот отырысында Рүстем Темірбек Әлия Назарбаеваның Recycling Company арқылы 5,8 миллиард теңге, өзге де компаниялар арқылы тағы 5 миллиард теңге алғанын мәлімдеді.
"Егер тергеу Назарбаева Әлияның ақшаны бір қалтасынан екінші қалтасына салуын ұрлық деп есептесе, неге оны тым болмағанда куәгер ретінде тергемейді. Әрине, Елбасының қызын тергеуге шақыру Антикордың қолынан келмейді", – деген еді Темірбек.