Мәжілістің экс-депутаты Бақытжан Базарбек өзі көлікпен қағып кеткен ер адамның жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ол әлеуметтік желідегі парақшасында жәбірленуші мен дәрігерлер көрінетін сурет жариялады.
"Суретте өз білімі, ерекше кәсібилігі, жанкешті еңбегінің арқасында Нұржігітті ажалдан аман алып қалып, есін жиғызып, қайтадан аяққа тұрғызған Тараз қаласының көпбейінді ауруханасының дәрігерлері. Шыны керек, Тараз қаласының көпбейінді ауруханасы жансақтау бөлімшесі дәрігерлерінің кәсіби біліктілігі мен деңгейі өте жоғары. Оларды бүкіл Жамбыл облысы медицинасының қаймағы десем, қателеспеспін", - деді бұрынғы депутат.

"Нұржігіт жатқан уақыт аралығында бұл дәрігерлер қаншама адамның өмірін Алланың қалауымен аман алып қалды. Жағдайы мүшкіл науқастардың сауығып, қайтадан аяққа тұруына себепші болып келеді. Бұлар заманымыздың нағыз қаһармандары десем, артық айтқаным емес. Өз өмірін өзге адамның өмірін сақтап қалуға арнаған ақ халатты абзал жандарды қадірлей білейік, ағайын! Дәрігерлерге мың алғыс! Еңбектеріңізге мың тағзым!
Біраз төккен терім ақталды, өзімнің дұғам, халықтың дұғасын Алла тағала қабыл алды. Нұржігіттің аяғы сынғандықтан алдымызда әлі реабилитациясы күтіп тұр. Сол бағытта жұмыс істейтін боламыз", - деді ол.
Айта кетейік, жол апаты 15 тамызда кешке Жамбыл облысы Рысқұлов ауданында болған еді. Көлік тізігінінде Бақытжан Базарбек отырған. Жол апатынан 37 жастағы ер адам зардап шекті.