Балқашта Металлург күніне орай сала үздіктерін марапаттау рәсімі өтті. Кәсіби мерекеде үздік металлургтерге мемлекеттік және ведомстволық наградалар табысталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев металлургтерді кәсіби мерекесімен құттықтап, олардың еңбегі ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосып отырғанын атап өтті.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамы қоғамда ерекше құрметке ие болуы тиіс екенін бірнеше рет айтты. Бұл сөз ең алдымен металлургтерге қатысты. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің арқасында өңірдегі металлургия саласы Қазақстан экономикасының негізгі тіректерінің бірі болып отыр», – деді облыс әкімі.
Оның айтуынша, 2025 жылы Қарағанды облысында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 5,3 трлн теңгеден асып, оның 3,8 трлн теңгесі өңдеу өнеркәсібінің үлесіне тиесілі болған.
Салтанатты жиында өңір басшысы металлургияның дамуына үлес қосқан еңбек әулеттерін де ерекше атап өтті. Солардың бірі – бірнеше буыны осы салада еңбек етіп келе жатқан Ақбергеновтер әулеті.
Шара барысында үздік қызметкерлерге «Еңбек Даңқы», «Құрметті металлург» төсбелгілері мен «Еңбек ардагері» медальдары тапсырылды.
«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Руслан Өскенәлідің айтуынша, биылғы алғашқы алты айда Балқаш мыс балқыту зауыты 96 мың тоннадан астам катодты мыс өндірген.
Ол кәсіпорында өндірістік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасып жатқанын айтты. Қазіргі таңда балқыту агрегаттарына күрделі жөндеу жүргізіліп, ғимараттар жаңартылуда. Сонымен қатар кәсіпорынға жыл соңына дейін жалпы құны 166 млн теңгеден асатын екі жаңа жедел жәрдем көлігі сатып алынады. Ал «Гигиена» корпоративтік бағдарламасы аясында әлеуметтік-тұрмыстық бағыттағы 24 нысанды жаңғыртуға 754 млн теңге бөлінген.
Өз кезегінде «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков компания өндірісті жаңғыртумен қатар өңірлердің әлеуметтік дамуына да инвестиция салып жатқанын айтты.
Оның мәліметінше, компанияның әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларының жалпы құны 45 млрд теңгені құрайды. Балқашта алдағы жылдары жаңа балабақша мен спорттық-туристік база салу жоспарланған.
Металлург күніне арналған мерекелік шаралар Балқашта мәдени-ойын-сауық бағдарламаларымен, спорттық жарыстармен және концертпен жалғасады.