Балқаштан бастап Кегенге дейін газ тартамыз – Баталов

Dalanews 17 ақп. 2021 07:16 1013

Қазіргі уақытта Алматы облысында көгілдір отынмен 1,2 млн.халқы бар 156 елді мекен қамтамасыз етілген. 6 жыл ішінде газдандыруға 148 млрд.теңге бағытталды, оның 93 млрд. теңгесі инвесторлар есебінен.

Тек облыс орталығында 2020 жылы газға 16 мың абонент қосылды. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Амандық Баталов халыққа есеп беру кездесуінде айтты.

"Талдықорғанда IV кезек аяқталды, өткен жылы біз жұмысты күшейтіп, бір жыл ішінде 16 мың абонентті қостық. Барлығы 54 мыңның 22 мыңы қосылған. Биылғы жылы да осындай қарқынмен жалғастыру керек.

Балқаш, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Ескелді аудандары мен Текелі қаласының орамішілік желілері салынуда. Ақсу, Сарқан, Алакөл, Райымбек және Кеген аудандарын қамтитын "Талдықорған - Үшарал" және "Шелек - Кеген" магистральдық газ құбырларының құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжатты әзірлеу аяқталуда.

Құрылысты келесі жылдан бастау жоспарлануда және 2025 жылға қарай газдандыру деңгейі 76% - ға дейін жеткізіледі, көгілдір отынға 1,5 млн.адам қол жеткізе алады", - деді Амандық Баталов.

Айта кету керек, 2018 жылдан бастап өңірде шағын қалаларда көп қабатты тұрғын үйлерді газбен блоктық-модульдік қазандықтарды орнату арқылы автономды жылыту жүйесімен қамтамасыз ету мәселесі шешілуде.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар