Балқаш қаласында туысы соққыға жыққан сегіз жастағы балаға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы 4-бөлігі бойынша (“Кәмелетке толмағанға қатысты жасалған зорлау”) қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы “За нами уже выехали” телеграм арнасы мәлімдеді.
“Бұл туралы баланың анасы Instagram желісіндегі сторисінде жария етті. Онда ол ұлына қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтқан. Кейінірек аталған арна бұл істің нақты ҚР ҚК-нің 120-бабының 4-бөлігі бойынша тіркелгенін анықтады – бұл кәмелетке толмағанға қатысты зорлау бабы”, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ бұған дейін баланы соққыға жыққан ер адам оның төрт жастағы қызына қатысты жасалған “жыныстық сипаттағы әрекеттер” үшін осылай істегенін мәлімдеген.
Айта кетейік, бұған дейін Балқаш қаласында жергілікті тұрғын Мадина Досымбекова "Қазақмыс" компаниясының қызметкерін сегіз жасар ұлын аяусыз ұрып-соғып, азаптады деп айыптады.
Әйелдің айтуынша, балаға жасалған әрекет жай ғана зорлық-зомбылық емес, аса қатыгездікпен жасалған азаптау болып табылады.
"Менің сегіз жасар ұлымды аяусыз соққыға жығып, азаптады. Бұл жай ғана күш көрсету емес, нағыз қинау әрекеті болды: баламның саусақтарын сындырған, басынан ұрған, денесін күйдірген. Мұның бәрін ересек ер адам – "Қазақмыс" АҚ-ның қызметкері жасаған", – дейді анасы әлеуметтік желіде жариялаған бейнеүндеуінде.
Мадина Досымбекованың сөзінше, бұл істі күдіктінің полиция, аурухана және басқа да мемлекеттік органдардағы байланыстары арқылы жабуға тырысып жатыр. Сондықтан ол әділдік орнауы үшін істің қоғам назарынан тыс қалмауын талап етуде.
Қарағанды облысы полиция департаменті баланы азаптау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Қазір тергеу жұмыстары басталып, сот-медициналық сараптамалар тағайындалған.
"Қазақмыс" компаниясы өз тарапынан жағдайға алаңдаушылық білдіріп, тергеу амалдарына толық қолдау көрсететіндерін мәлімдеді.
"Компания кез келген зорлық-зомбылық әрекеттерін қатаң айыптайды және мұндай жағдайларға жол беруге болмайды деп есептейді. Егер қызметкеріміздің кінәсі дәлелденсе, ол заң аясында тиісті жазасын алады", – делінген баспасөз қызметінің мәлімдемесінде.
Еске сала кетейік, бүгін сондай-ақ Атыраудағы жекеменшік балабақшада үш жасар қыз ауыр жарақат алғаны туралы белгілі болды. Қыздың ата-анасының айтуынша, балабақша қызметкерлері оларға бақылау камерасындағы видеожазбаны көрсетпеген.