Балиге қашып кетуге кім көмектесті: Атыраудағы трагедияға қатысты тың дерек айтылды

Балиге қашып кетуге кім көмектесті: Атыраудағы трагедияға қатысты тың дерек айтылды
Dalanews.kz коллажы

Атырау облысында туыстарын аса қатыгездікпен өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Іс дәлелдемелерді зерттеу кезеңіне өтіп, сот отырысында тергеу барысында түсірілген бейнематериалдар көрсетілді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сотта 2025 жылдың желтоқсанында жоғалып кеткен ерлі-зайыпты Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның денелері табылған сәтке қатысты кадрлар ұсынылды. Тергеу мәліметінше, олардың мәйіттері жеке үйдің ауласындағы қора ішінде шамамен 1,3 метр тереңдікке көмілген. Жерленген орынның үсті линолеуммен жабылғаны айтылды.

Бейнематериалда тергеушілер алдымен ер адамның, кейін оның астынан әйелінің денесін шығарғаны көрсетілген. Бұған дейін полиция, Ұлттық ұлан қызметкерлері мен арнайы техника жұмылдырылған іздеу жұмыстары жүргізілгенімен, нәтиже болмаған. Тергеу дерегінше, жасырын көмілген орын 2026 жылғы 9 наурызда тергеу эксперименті кезінде анықталған.

Сот залында көрсетілген бұл кадрлар марқұмдардың туыстарына ауыр әсер етті. Ал айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиев бейнематериалдарды үнсіз қарап отырған.

Сонымен қатар отырыста айыпталушының Атыраудағы "Дина" базарындағы ломбардқа барған сәті де көрсетілді. Бақылау камераларындағы кадрларда оның зергерлік бұйымдар салынған қызыл қорапшаны өткізіп, кейін ақша алып шыққаны байқалады. Тергеу тарапы бұл әшекейлер қаза тапқан отбасының үйінен алынған болуы мүмкін деп есептейді.

Бұдан бөлек, сотта Сәрсемәлиев пен оның жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның Қазақстаннан кеткен бағыты туралы да айтылды. Тергеу мәліметіне сәйкес, олар 2025 жылғы 9 желтоқсанда "Қапланбек" өткізу бекеті арқылы Өзбекстанға өткен. Кейін Ташкенттен Куала-Лумпур арқылы Индонезияның Бали аралына барған.

Ерлі-зайыпты бірнеше ай бойы Индонезияда болған. Алайда 2026 жылғы 24 ақпанда жергілікті көші-қон қызметі оларды визалық режимді бұзғаны үшін ұстаған. Кейін екеуі Қазақстанға депортацияланып, құқық қорғау органдарына тапсырылған.

Қазір сот процесі жалғасып жатыр. Істің толық мән-жайы сот барысында анықталмақ.