Қазақстанда әлеуметтік желі арқылы азаматтарды алдайтын жаңа тәсіл тарала бастады. Алаяқтар өздерін "емші", "көріпкел" немесе "балгер" ретінде таныстырып, "балаңызға қатты дуа жасалған" деген желеумен ақша сұрайды, деп хабарлайды dalanews.kz.
ІІМ мәліметінше, күмәнді тұлғалар адамдардың қорқынышы мен жақындарына деген алаңдаушылығын өз пайдасына пайдалануға тырысады. Олар әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы байланысқа шығып, түрлі "белгілерді" тізіп, жағдайдың күрделі екеніне сендіреді. Артынша "ем жүргізу", "дуаны қайтару" немесе арнайы заттар сатып алу қажет деген сылтаумен ақша аударуды талап етеді.
Полиция интернеттегі бейтаныс адамдардың "емдеп жазу" немесе "көз тиюден арылту" туралы уәделеріне сенбеуге шақырады. Сондай-ақ бөтен адамның есепшотына ақша аудармау, банк картасының деректері мен SMS-кодтарды ешкімге бермеу қажет.
Күмәнді хабарлама келген жағдайда дүрбелеңге бой алдырмай, ақпаратты бірнеше дереккөзден тексерген жөн. Ал алаяқтық белгілері байқалса, хат алмасу тарихы мен ақша аударымы туралы түбіртектерді сақтап қою керек.
"Алаяқтар адамдардың сенімін, қорқынышы мен алаңдаушылығын пайдаланады. Егер сізден осындай тәсілмен ақша талап етсе немесе алаяқтардың құрбаны болсаңыз, дереу “102” нөміріне хабарласыңыз", – делінген ІІМ хабарламасында.