Қазақстанда жыл сайын балаларға қатысты маңызды заңдар енгізіліп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Негізгі жаңашылдықтардың бірі - балаларға күш қолдануға толық тыйым салу. 2024 жылғы 16 маусымнан бастап Қазақстанда кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты жаңа өзгерістер күшіне енді. Белдікпен немесе қолмен ұру енді ҚР Қылмыстық кодексінің 109-1-бабына жатады. Бұл бап бойынша 50 тәулікке дейін қамауға алу немесе 100-200 АЕК көлемінде айыппұл көзделген (2026 жылы 1 АЕК - 4325 теңге).
Сонымен қатар, 16 жасқа дейінгі балалар әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды, олардың әрекеті үшін ата-ана жауап береді. Яғни ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 127-бабына сәйкес бала тәрбиесін тиісінше атқармағаны үшін ата-ана жазаланады.
Одан бөлек, кәмелетке толмаған баланың көзінше алкоголь не темекі тұтыну ата-ана міндетін бұзу саналады. Мұндай жағдайда 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл "Қазақстан Республикасындағы бала құқықтары туралы" заңда бекітілген салауатты өмір салтын насихаттау міндетіне негізделген.
Құқықбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл 15 АЕК-ке дейін өседі, сондай-ақ, 5 тәулікке дейін қамау қолданылуы мүмкін. Ал ата-ана алкогольді өзі тұтынып қана қоймай, оны балаға берген жағдайда жаза қатаңдайды: 20 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамау қарастырылған.
