Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты іс-шараларды күшейту мақсатында оқу процесі жаңа оқу жылында қашықтан басталды. ҚР Білім және ғылым министрлігі төртінші тоқсандағы бетпе-бет кездескен қиындықтарды жойып, жаңа оқу жылында қашықтан оқу процесінің сапасын жақсарту мақсатында жаз бойына дайындық шараларын жүргізді.
Мұғалімдердің біліктілігін арттыратын «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалдарының аға оқытушылары мен мазмұны жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша тренерлері ұстаздармен үздіксіз байланыс жасап, онлайын режимінде әртүрлі платформаларда сабақ өтудің тиімді жолдарын үйретті.
WhatsApp әлеуметтік желісі бойынша ата-аналар жиналысы болып, қашықтан оқу туралы барлық мәліметтер алдық. Ата-аналардың сұрақтарына мектеп директоры Бокишева Гаухар Мауытханқызы мен сынып жетекшіміз Гүлжан Жұмақанқызы жауап беріп, бәрімізді сабырлыққа, шыдамды болуға, бірге болуға шақырып, қолдау күтетінін жеткізді.
Байқап қарасаңыз, білім беру жүйесі уақытты ұтымды пайдаланып, қашықтан сабақ оқытудың барлық мүмкіндіктерін тынымсыз қарастыруда. Әрине тізбелей берсек, қашықтан сабақ өтудің қиындығы жетерлік. Әсіресе, мұғалімдердің жұмысы еселеп артты, ата-ана тек өз баласының оқу үлерімін қадағаласа, мұғалім қанша сыныпта сабақ өтсе, сонша сыныптағы оқушының сабақ үлгерімін қадағалап, үздіксіз байланыста болуы керек. Бiрақ мұның бәрi уақытша қиындықтар деп бiлемiн. Бiзге балаларымыздық денсаулығы қымбат. Бiраз шыдамдылық танытып, бiр-бiрiмiзге қолдау бiлдiрiп, балаларымызға да көмектесуiмiз керек деп ойлаймын.
Міне, жаңа оқу жылының екінші аптасы өте шықты. Алғашқы күндері ғаламтор желісінің баяулығынан оқушы мен мұғалімнің іркіліссіз байланысқа шыға алмай қиналған сәттері болды. Екінші аптаның алғашқы күндері сабақ оқу барысындағы келеңсіздіктер сейіле бастады. Қазiргi уақытта ата-ана баласына ең жақсы бiлiм беретiн қосымша ресурстарды іздестіріп, уақытын тиiмдi пайдалануына мүмкіндік мол.
1-қыркүйекте жасаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында сапалы білім алу үшін әдеттегідей сабаққа қатысып, мұғалімдермен және сыныптастармен араласудың орны бөлек екендігін атап өтіп, санитарлық талаптарды сақтай отырып, білім алудың қалыптасқан дәстүрлі тәсіліне қайта көшудің тәртібін әзірлеуге тапсырма берді. Ендеше, індет қаупінен сақтану үшін үйге «қамалған» қиын сәттерді еңсеріп, дәстүрлі білім алу үлгісінде балаларымыздың сабағын жалғастыратын күнге аман-есен жетейік!
Перуза АСЫЛБЕК, ата-ана.
Алматы қаласы