Freedom Inside '26

"Балаларды осы үйде ұстап отыр": Балгердің айтқан сөзі жұртты дүрліктірді

"Балаларды осы үйде ұстап отыр": Балгердің айтқан сөзі жұртты дүрліктірді
ашық дереккөзден

Тува Республикасының астанасы Қызыл қаласында із-түзсіз жоғалған екі мектеп оқушысына қатысты жағдай ушығып кетті. Балгердің айтқанына сенген жүздеген тұрғын түн ішінде қыздарды осы үйде ұстап отыр деген күдікпен бір зәулім үйді қоршауға алып, басып кіруге әрекет жасаған, деп хабарлайды dalanews.kz.

Амина мен Айлана 1 шілде күні кешкі сағат 17:00-18:00 шамасында үйлерінен серуендеуге шыққан. Екеуі Қызыл қаласының шығыс бөлігіндегі жеке тұрғын үй ауданында тұрған.

Құрбылар Енисей өзеніне қарай бет алған. Ол жерде жергілікті тұрғындар жиі шомылатын шағын жағажай бар. Алайда қыздар сол күйі үйлеріне оралмаған.

Олардың жоғалғаны туралы хабар түскеннен кейін полиция, құтқарушылар және еріктілер ауқымды іздеу жұмыстарын бастады.

Балгердің сөзі жүздеген адамды дүрліктірді

Белгісіздік пен ата-аналардың ауыр күйзелісі салдарынан олардың бірі балгерге жүгінген. Тувада мұндай адамдардың көмегіне жүгіну жергілікті дәстүрдің бір бөлігі саналады. Кейін белгілі болғандай, балгер жоғалған қыздар Қызылдағы Колхозная көшесіндегі бір үйде ұсталып отыр деп болжам айтқан.

Алғашында туыстары бұл ақпараттың қайдан шыққанын жасырған. Алайда 5 шілдеден 6 шілдеге қараған түні олар бірнеше ондаған адаммен бірге аталған үйге барған.

Аз уақыттың ішінде оларға көршілер, таныстар және қаланың әр ауданынан келген тұрғындар қосылып, жүздеген адамнан тұратын ашулы топ қалыптасты.

Ашулы топ үйге басып кірмек болды

Жиналған жұрт темір қақпаны ұрып, қоршаудан асып кіруге әрекет жасаған. Алайда үйден ешкім шықпаған, терезелердің бәрі қараңғы болған.

Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері халықты әрең тоқтатқан. Кейін Тергеу комитетінің қызметкерлері, арнайы жасақ және Тува Ішкі істер министрі де келген.

Сол кезде ашулы адамдар үйге тас лақтырып, терезелерді сындырған. Оқиға барысында бір полиция қызметкері басынан жарақат алған.

Министр халықты сабырға шақырды

Түнгі сағат 00:30 шамасында Тува ІІМ басшысы Юрий Завьялов оқиға орнына келіп, күдікті үйдің қыздардың жоғалуына еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді.

Ол тұрғындарды тарауға және таңертең іздеу жұмыстарына қайта қосылуға шақырды.

Сонымен бірге қыздар табылғанға дейін іздеу тоқтатылмайтынын айтты.

Үй толық тексерілді

Тұрғындардың талабынан кейін криминалистер үйге толық тексеру жүргізген.

Куәгерлердің айтуынша, мамандар әр бөлмені, жертөлені, желдеткіш жүйесін, тоңазытқыштарды, жиһаздардың астын қызметтік иттер мен арнайы құралдардың көмегімен мұқият қараған.

Үйдің аумағы 200 шаршы метрден асатындықтан, тексеру бірнеше сағатқа созылған. Нәтижесінде жоғалған қыздарға қатысты ешқандай айғақ табылмаған. Осыдан кейін ғана қыздардың туыстары күдікті үйдің мекенжайын өздеріне балгер айтқанын мойындаған.

Қазіргі уақытта Амина мен Айлананы іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Тергеушілер олардың жоғалуына қатысты барлық ықтимал нұсқаны тексеруде.