Балалар сүйіп жейтін қытайлық “снектер” қаншалықты қауіпті? Мамандар дабыл қақты

Қаракөз Амантай 14 сәу. 2026 09:12

Қазақстан нарығында қытайлық снектердің түр-түрі көбейіп келеді. Бүгінде мұндай өнімдер елдегі сауда орындарының басым бөлігінде сатылады. Олардың арасында танымал брендтердің тауарлары да, өндірушісі белгісіз өнімдер де бар.

Бұл тағамдардың құрамында не бары және денсаулыққа қаншалықты қауіпсіз екені жөнінде Qazaq Expert Club тағам қауіпсіздігі саласының сарапшысы, профессор Лаура Аутелеева зерттеу жүргізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сарапшының айтуынша, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті жанындағы ғылыми үйірме аясында студенттермен бірлесіп Қытайдан әкелінген бес түрлі снекке талдау жасалған. Зерттеу барысында кейбір өнімдерде таңбалау мүлде болмағаны анықталған. Бұл өнім айналымына қойылатын талаптардың бұзылғанын көрсетеді.

Алғашқы кезеңде мамандар өнімдердің құрамын саралаған. Нәтижесінде барлық үлгіден дәм күшейткіштер (E621, E635), тәттілендіргіштер (E952, E955), сондай-ақ синтетикалық бояғыштар (E102, E110 және өзге де қоспалар) табылған.

Аталған қоспалардың көбі қолдануға рұқсат етілгенімен, оларды жиі тұтыну асқазан-ішек жолдарына кері әсер етіп, аллергиялық реакция туғызуы және ішек микрофлорасына зиян келтіруі мүмкін”, – дейді сарапшы.

Ол әсіресе цикламат (E952) атты тәттілендіргішке назар аударды. Бұл қоспа АҚШ-та пайдалануға тыйым салынған, ал Еуропаның бірқатар елінде тек шектеулі мөлшерде қолдануға рұқсат етіледі.

Бұл заттың адам ағзасына кері әсері болуы мүмкін деген ғылыми болжамдар бар. Оның канцерогендік қасиеті жануарларға жасалған тәжірибелерде байқалған”, – деп атап өтті профессор.

Бұдан бөлек, кейбір өнімдерден жануар майы анықталған. Мамандар мұндай майды тұрақты тұтыну ағзадағы холестерин деңгейін арттыруы ықтимал екенін айтады.

Өнімдердің ықтимал уыттылығын бағалау үшін зерттеушілер гуппи балықтарына биотест жүргізген. Бұл – зиянды заттардың қауіпті концентрациясын анықтауға мүмкіндік беретін жедел әдіс.

Зерттеу нәтижесінде 24–48 сағат ішінде тәжірибеге алынған балықтардың 40 пайызға дейіні қырылды. Бұл зерттелген өнімдерде орташа деңгейдегі уыттылық бар екенін көрсетті”, – деді Лаура Аутелеева.

Сонымен қатар маман бұл қорытындылардың әзірге алдын ала нәтиже екенін атап өтті. Оның айтуынша, нақты реттеуші шаралар қабылдау үшін қосымша зерттеулер жүргізіліп, ұзақ мерзімді деректер жиналуы қажет.

Лаура Аутелееваның пікірінше, қазіргі таңда ең маңыздысы – тұтынушыларды ақпараттандыру. Өйткені қауіп снектерден ғана емес, таңбалаусыз сатылатын өзге өнімдерден де, әсіресе балаларға арналған тауарлардан туындауы мүмкін.

Мұндай снектердің құрамы балалар денсаулығына қауіп төндіруі ықтимал. Сондықтан заңсыз әкелінген, сертификатталмаған, өндірушісі көрсетілмеген және құрамы қазақ және орыс тілдерінде жазылмаған өнімдерді сатып алмауға шақырамын”, – деп түйіндеді сарапшы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove