Журналист Диас Нұрақын Алматыдағы көпбалалы отбасыларға арналған балабақша жеңілдігінің тоқтатылуын сынға алды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, бұған дейін қалада барлық мемлекеттік балабақшаларда көпбалалы отбасылардың балалары тегін барған. Бұл шығынды қала бюджеті көтеріп, әлеуметтік қолдау ретінде жүзеге асқан.
Алайда 1 қаңтардан бастап бұл жеңілдік жойылған. Нұрақын мұны жаңа әкім Дархан Сатыбалдының «үнемдеу саясаты» деп бағалайды.
«Алматы әкімдігі биыл бюджеттен бір тиын бөлмеді. Есесіне балалардан үнемдеген ақшаның орнына полицейлер 200 млн теңгелік Gelik мініп жүр, ал Төтенше жағдайлар департаменті 150 млн теңге тұратын Tesla Cybertruck алды», – деп жазды ол.
Журналистің айтуынша, бұл шешім көптеген отбасы үшін ауыр тиген. Өйткені бірнеше жылдан бері балабақшаға тегін үйреніп қалған ата-аналар енді күтпеген шығынға тап болған.
Нұрақын қала бюджеті балалардан жиналған қаржы есебінен өсіп, нақты дамуға жұмсалса, қоғам оны түсінер еді дейді. Бірақ қымбат көліктерге кеткен шығын әлеуметтік әділетсіздік сезімін күшейтіп отыр деп есептейді.
