«Байтақ» жасылдар партиясының V кезектен тыс съезінде партияның саяси бюросының мүшесі Асқар Иманалиев партия төрағасы Азаматхан Әміртайды қайта сайлау мәселесін күн тәртібіне шығаруды ұсынды, деп хабарлайды dalanews.kz.
«Алдымызда сайлау науқаны тұр. Осы кезеңде партияның жаңарғанын нақты көрсетуіміз керек. Барлық партиялар өз төрағаларын жаңартты. Президент те мемлекеттік қызметті, мемлекеттік құрылымды реформалау, заң шығарушы билікті және партияларды күшейту қажеттігін айтты. Сондықтан осы мәселені көтеруіміз керек», – деді Иманалиев съезд барысында.
Оның айтуынша, бұл бастама қазіргі партия төрағасына қарсылық емес, керісінше оның легитимдігін күшейтуге бағытталған.
«Егер барлығы қазіргі төрағаны қолдаса, онда оның қайта сайлану мәселесін күн тәртібіне қояйық. Егер делегаттар қолдаса, бұл оның позициясын одан әрі нығайтады. Осы батыл мәселені қарастырайық», – деді ол.
Алайда президиум өкілдері сөзін бөліп, съезд регламентін сақтауды сұрады. Бұдан кейін жүргізуші журналистерге орындарына отыруды өтініп, тәртіпті бұзбауға шақырды.
Айта кетейік, «Байтақ» партиясының V кезектен тыс съезінің ресми күн тәртібіне партия төрағасын қайта сайлау мәселесі енгізілмеген. Съезде Құрылтай депутаттарын сайлауға арналған сайлауалды бағдарламаны бекіту, кандидаттарды ұсыну және партия жарғысына өзгерістер енгізу жоспарланған болатын.