«Байтақ» жасылдар партиясы V кезектен тыс съезінде Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысатын 51 кандидатты ұсынды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Партия төрағасы Азаматхан Әміртайдың айтуынша, кезектен тыс съездің өткізілуі 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституциямен байланысты.
«23 тамызда ел алғаш рет бір палаталы Парламентті сайлайды. Бұл кезекті сайлау емес, Президент бастаған мемлекет тарихындағы жаңа бет. Сол бетте “экология” деген сөз жазылуы керек. Егер оны біз жазбасақ, ешкім жазбайды», – деді ол.
Әміртайдың сөзінше, «Байтақ» партиясы Президенттің Жаңа Қазақстан құру бағытын қолдайды және Құрылтайда экологиялық саясат мәселелерін ілгерілетуді мақсат етеді.
Оның айтуынша, партиялық тізімге әртүрлі мамандық иелері енгізілген. Кандидаттардың қатарында экологтар, дәрігерлер, мұғалімдер, инженерлер мен волонтерлер бар. Сонымен бірге тізімнің үштен бірін әйелдер мен жастар құрайды.
«Еліміз біздің тізімді көріп, мұнда креслодан креслоға ауысуды көздейтін шенеуніктер емес, экологтар, дәрігерлер, мұғалімдер, инженерлер, волонтерлер бар екенін түсінсін. Олар – сайлау туралы әңгіме шықпай тұрып-ақ өрт сөндіріп, өзен-көл жағаларын тазалап, аулаларда еңбек еткен адамдар», – деді партия төрағасы.
Айта кетейік, бұған дейін Құрылтай сайлауына қатысатын кандидаттар тізімін басқа саяси партиялар да бекітті. «Ауыл» партиясы - 69, «Ақ жол» - 63, Қазақстан Халық партиясы - 72, Respublica - 76, ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы 33 кандидатты ұсынды.