YouTube-арнасындағы "Уақыт көрсетеді" бағдарламада Ұлттық олимпиада комитетінің басшысы Геннадий Головкиннің жалақысы туралы сұрақ қойған журналист Нұрсейіт Жылқышыбай сотқа тартылмақ. Бұл туралы журналистің өзі айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Журналистің сөзінше. ол белгісіз нөмірден хат алған.
"Скринді салмай-ақ қояйын. Хат авторы өзін Ұлттық олимпиада комитетінің құқықтық қамтамасыз ету қызметінің басшысымын деп таныстырады. Ол кісінің аты-жөні жоқ па? Бұндай хат мөр мен қол қойылып жібермеуші ме еді? Әлде аты дардай үлкен комитеттің журналистермен коммуникациясының деңгейі осы ма? Бәлкім менікі теріс. Мүмкін Ұлттық олимпиадалық комитеттің атын жамылған көшеде жүрген біреулер шығар. Шын комитеттің адамы болса атын айтып адам сияқты хабарласып ресми қағаз жіберуі тиіс қой.
Мәселе мынада олимпиада чемпионы, Вэл Баркер кубогінің иегері Бақтияр Артаев комитет басшысы Г. Головкин 20 млн аса айлық алатыны рас па деген сұрақ қойдым. Бақтияр «Ол жағын нақты білмеймін. Бірақ естуім бар осы әңгімені» дейді.
2004 жылғы Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев "Уақыт көрсетеді" YouTube-арнасына берген сұхбатында Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкиннің жалақысы туралы айтты.
Нақты білмеймін, бірақ Головкиннің ҰОК-дегі жалақысы – 20-25 миллион теңге шамасында, – деді Артаев сұхбатта.
Кейіннен Қазақстан Республикасы ҰОК бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ресми түрде мәлімдеді.
Геннадий Головкин президенттік қызметті ерікті негізінде атқарады. Оның қызметіне ақша төленбейді. Оның мотивациясының қаражатқа да, саяси мансапқа да қатысы жоқ. Ең алдымен оның жұмысы қазақстандық спортқа қолдау көрсетуге, сондай-ақ, Қазақстан ҰОК-тің халықаралық спорттық қоғамдастық алдындағы беделін нығайтуға бағытталған, - деген мәлімдемеде.
Өз қызметіне кіріскен бойда Геннадий Головкин ҰОК-тің мемлекеттік бюджет ақшасына үміттенбейтінін ашық айтқан. Ұйымның қызметі Г. Головкиннің қатысуымен тартылған демеушілер қаражаты есебінен жүзеге асатынын да хабарлады.
Жалған ақпарат таратушылар ҚР заңына сәйкес жауапқа тартылатынын, нақтылап айтар болсақ, ҚР ҚК 274 бабына сай қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескерте кеткен.