Бағалау тәртібінен жаңа пәндерге дейін: жаңа оқу жылында қандай өзгерістер болады?

Бағалау тәртібінен жаңа пәндерге дейін: жаңа оқу жылында қандай өзгерістер болады?
Фото: Dalanews, ЖИ

2026-2027 оқу жылында Қазақстан мектептерінде бірқатар өзгеріс болады. 2-4 сыныптарда тоқсандық бағаны есептеу тәртібі жаңарып, күнделікті сабақта қойылатын формативтік бағалардың үлесі 25 пайыздан 50 пайызға дейін артады. Тоқсандық жиынтық бағалау алынып тасталып, оның орнына аралық бағалау енгізіледі. Сонымен қатар мектеп бағдарламасында жасанды интеллект, құқықтық сауаттылық және жеке қауіпсіздік бағыттарына басымдық беріледі.

Dalanews.kz редакциясы Оқу-ағарту министрлігінің кейінгі деректеріне сүйеніп, жаңа оқу жылында мектептерде болатын негізгі өзгерістерді саралады.

Бастауыш сыныптардағы бағалау тәртібі өзгереді

2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап 2-4 сынып оқушыларын бағалаудың жаңа тәртібі енгізіледі. Бұл туралы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

Критериалды бағалау жүйесі сақталады. Өзгеріс тоқсандық қорытынды бағаны есептеу тәсіліне қатысты болады. Ал бірінші сынып оқушыларына бұрынғыдай баға қойылмайды.

Қазір оқушының тоқсандық бағасы күнделікті сабақта қойылатын формативтік балдар, бөлім бойынша жиынтық бағалау және тоқсандық жиынтық бағалау нәтижесі негізінде шығарылады. Жаңа тәртіп бойынша күнделікті бағалардың маңызы артады.

Бұған дейін формативтік бағалау тоқсандық қорытындының 25 пайызын құраса, енді оның үлесі 50 пайызға дейін көбейеді. Яғни тоқсандық бағаның жартысы оқушының тоқсан бойындағы күнделікті жұмысына қарай қойылады. Мұғалім оның сабақтағы белсенділігін, тапсырмаларды орындауын және тақырыптарды қаншалықты меңгергенін ескереді.

Формативтік бағалау бұрынғыдай 1-ден 10 балға дейінгі шкаламен жүргізіледі. Демек, балдық жүйе өзгермейді, тек күнделікті жиналған балдардың тоқсандық бағаға әсері күшейеді.

Тоқсандық жиынтық бағалау алынып тасталады

Жаңа оқу жылынан бастап 2-4 сыныптарда тоқсан соңында өткізілетін тоқсандық жиынтық бағалау, яғни ТЖБ болмайды. Оның орнына аралық бағалау енгізіледі.

Аралық бағалау оқу бағдарламасындағы белгілі бір бөлім немесе өзара байланысты бірнеше бөлім аяқталғаннан кейін өткізіледі. Осылайша, оқушының әр тақырыпты қаншалықты меңгергені оқу барысында тексеріледі.

Сондықтан тоқсан соңында бұған дейін бағаланған барлық тақырыпты қайта қамтитын бөлек бақылау жұмысын жазудың қажеті болмайды. Шынар Ақпарованың айтуынша, бұл өзгеріс тоқсан ішіндегі бағалау жұмыстарын бір жұмысқа азайтып, бастауыш сынып оқушыларына түсетін жүктемені жеңілдетеді.

Әр оқушыға жеткілікті мөлшерде формативтік балл қойылады

Жаңа тәртіп бойынша мұғалім тоқсан ішінде әр оқушыны пән бойынша өткізілген сабақтардың кемінде 30 пайызында бағалауы керек.

Мысалы, тоқсан ішінде бір пәннен 30 сабақ өтсе, әр оқушы кемінде тоғыз сабақта формативтік балл алуға тиіс. Мұғалім оқушының білімі мен сабақтағы жұмысын қажет болған жағдайда бұдан да жиі бағалай алады.

Бұл талап тоқсандық бағаның бір немесе екі сабақтағы нәтижеге сүйеніп қойылмауы үшін енгізіліп отыр. Формативтік балдар тоқсан бойы жүйелі түрде жиналады. Соның арқасында қорытынды баға оқушының күнделікті еңбегі мен біліміндегі ілгерілеуін нақтырақ көрсетеді.

Министрліктің мәліметінше, бағалау тәртібін жаңарту кезінде ата-аналар мен мұғалімдердің ұсыныстары, мектептердегі тәжірибе, оқушылардың білім нәтижелеріне жүргізілген мониторинг және зерттеу қорытындылары ескерілген.

Жасанды интеллект мектеп бағдарламасына енгізіледі

2026-2027 оқу жылынан бастап жасанды интеллект негіздері 1-11 сыныптардың оқу бағдарламасына енгізіледі.

Осыған байланысты пәндердің атауы да өзгереді. 1- 4 сыныптардағы "Цифрлық сауаттылық" пәні "Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект" деп аталады. Ал 5–11-сыныптардағы "Информатика" пәні "Информатика және жасанды интеллект" болып өзгереді.

Дегенмен жасанды интеллект жеке пән ретінде оқытылмайды. Оған қатысты тақырыптар цифрлық сауаттылық пен информатика сабақтарына қосылады. Жаңартылған бағдарламаларға осы бағыт бойынша барлығы 43 оқу мақсаты енгізілген.

Оқу мазмұны оқушылардың жас ерекшелігіне қарай күрделене береді. Бастауыш сынып оқушылары жасанды интеллектімен қарапайым мысалдар арқылы танысады. Олар интернетте қауіпсіз әрекет ету, жеке мәліметтерін қорғау және цифрлық ақпаратты дұрыс қабылдау негіздерін үйренеді.

5–9 сыныптарда оқушылар жасанды интеллект құралдарын сабақта тиімді қолдануды, сауатты сұраныс құрастыруды және алынған жауаптың дұрыстығын тексеруді меңгереді. Сонымен қатар киберқауіпсіздік пен академиялық адалдық талаптарына мән беріледі.

10–11 сыныптардың бағдарламасына машиналық оқыту, нейрондық желілер, деректерді талдау және қолданбалы криптография негіздері енгізіледі.

Оқу-ағарту министрлігінің 10 тамыздағы мәліметінше, жаңартылған бағдарламалар сынақтан өтіп, сарапшылардың оң қорытындысын алған. Қазіргі уақытта оларды ресми бекіту рәсімі жүріп жатыр.

Құқық пен қауіпсіздікке арналған жаңа курстар пайда болады

2026-2027 оқу жылынан бастап мектептерде құқықтық сауаттылық пен қауіпсіздікке арналған үш міндетті курс енгізіледі.

5–7 сынып оқушылары “Конституция негіздері” курсын оқиды. 8-11 сыныптарға “Заң және тәртіп”, ал 5-11 сыныптарға “Жеке қауіпсіздік” курсы енгізіледі.

Сонымен бірге “Құқық негіздері” пәнінің мазмұны Конституция талаптарына сәйкес жаңартылады.

Жаңа курстар балаларға өз құқықтары мен міндеттерін түсіндіруге, заңға құрметпен қарауға және әртүрлі қауіп жағдайында дұрыс әрекет етуге үйретуге бағытталған. “Жеке қауіпсіздік” аясында көшедегі, үйдегі және цифрлық ортадағы қауіпсіздік мәселелері қамтылады.

Бастауыш сыныптардың оқу бағдарламасы жеңілдетіледі

Жаңа оқу жылында бастауыш сыныптардың білім мазмұны да қайта қаралады. Оқу бағдарламасындағы артық жүктемені азайтып, тапсырмалар мен тақырыптарды балалардың жас ерекшелігіне сәйкестендіру көзделген.

Математика пәнінің оқу мақсаттары жаңартылып, бастауыш сынып оқушыларына тым күрделі деп танылған кейбір тақырыптар бағдарламадан алынады.

Бірінші сынып оқушылары үшін мектепке бейімделу кезеңі қарастырылады. Бұл уақытта балаларға жаңа ортаға, сабақ кестесіне және оқу тәртібіне біртіндеп үйренуге мүмкіндік беріледі.

Сонымен қатар "Әліппе" мен "Ана тілі" пәндеріне бөлінетін сағат саны көбейеді. Қосымша уақыт балалардың әріптерді дұрыс меңгеруіне, сауатты оқып, жазу дағдыларын қалыптастыруына жұмсалады.

Жаңа оқулықтар қолданысқа енгізіледі

2026–2027 оқу жылына арналған бірнеше оқулық жаңартылып жатыр. Төртінші сыныпта қазақ тілі, орыс тілі, математика, дүниетану және әдебиеттік оқу пәндерінің оқулықтары қайта қаралған.

7–10 сыныптар үшін дүниежүзі тарихы, алгебра, қазақ тілі, химия, биология, физика, география, құқық негіздері және шетел тілдеріне арналған оқулықтар әзірленді.

Оқулық жобалары бес сатылы сараптамадан өтеді. Оған ғылыми-педагогикалық сараптама, авторлардың пысықтауы, пилоттық мектептердегі апробация, қоғамдық талқылау және пәндік комиссияның қорытындысы кіреді.

Жобалар еліміздегі 34 пилоттық мектепте сыналды. Дегенмен талқылауға ұсынылған әр оқулық міндетті түрде қолданысқа енбейді. Мектептерге тек барлық сараптама кезеңінен өткен және министрліктің ресми тізіміне енгізілген оқулықтар жеткізіледі.