Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Мәскеудегі Жеңіс парадына қатысудан неге бас тартқаны белгілі болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ресей астанасында ардагерлерге құрмет көрсетілетін кезде, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев өз елінде болады. Бұл туралы Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков мәлімдеді.
«Бізге Ильхам Әлиев Гейдар Әлиевке арналған ішкі шараларға қатысады деп түсіндірді», дейді Ушаков.
Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты Светлана Журова да бұл жайтқа қатысты пікір білдірді
«Біз, әрине, бірден бұған астарлы мағына іздейміз. Бірақ Әлиев 9 мамырға орай өз парадтарын немесе шараларын өткізуді жоспарлап отырған шығар. Оның Әзербайжанда болуы елдегі патриоттық рухты көтеру үшін қажет шығар», дейді Журова.
Еске салайық,Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиев Ақтаудағы ұшақ апатына Ресей жауапты екенін айтқан болатын.
"Әзербайжан азаматтарының осы апатта қаза тапқанына Ресей Федерациясының өкілдері жауапты деп сеніммен айта аламын. Біз әділдікті, кінәлілердің жазалануын, толық ашықтық пен адами қарым-қатынасты талап етеміз", – деген еді Әзербайжан президенті.