Әзербайжан президенті: Ресеймен қарым-қатынас толық қалыпқа келді

Әзербайжан президенті: Ресеймен қарым-қатынас толық қалыпқа келді
Фото: Михаил Терещенко / ТАСС

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ресей мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынастың толық қалыпқа келгенін мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы ол дүйсенбі күні өткен IV Шуша жаһандық медиафорумына қатысушылармен кездесуде айтты. Форумның тақырыбы – «Бейбітшілікті ілгерілетудегі медианың миссиясы: шындықты қалпына келтіру және сенімді жаңғырту».

Әлиевтің айтуынша, екі ел арасындағы қатынаста белгілі бір қиындықтар болғанымен, бұл кезең артта қалған.

«Иә, қиындықтар болды. Оны бәріміз білеміз. Бірақ ең маңыздысы – бұл кезең артта қалды. Менің ойымша, қарым-қатынас толықтай қалыпқа келді», – деді Әзербайжан басшысы.

Ол сондай-ақ Әзербайжанның Ресеймен серіктестікті жоғары бағалайтынын атап өтті.

Президенттің сөзінше, екі ел арасындағы байланыс түрлі деңгейде жалғасып жатыр. Атап айтқанда, үкіметтер, үкіметаралық комиссияның тең төрағалары, сыртқы істер министрліктері және президент әкімшіліктері тұрақты түрде өзара іс-қимыл жүргізуде.

«Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс жақсы жүріп жатыр деп ойлаймын. Біз бұған қуаныштымыз», – деді Әлиев.

Сонымен қатар, ол Ресейдің ресми өкілдері, оның ішінде президент Владимир Путин де екіжақты қарым-қатынастың даму қарқынына қатысты пікір білдіргенін айтты.

Әлиевтің пікірінше, Ресей мен Әзербайжан арасындағы байланыс тек екіжақты формат үшін ғана емес, тұтас өңір үшін де маңызды. Оның айтуынша, ынтымақтастық дәстүрлі бағыттармен қатар жаңа салаларды да қамтып келеді.

Президент көлік-логистика, сауда және гуманитарлық ынтымақтастық екі ел арасындағы әріптестіктің негізгі бағыттары болып қала беретінін атап өтті.