“Азаттық аңсаған” кітабының тұсаукесері өтті

Dalanews 13 жел. 2022 12:50 925

Алматы қаласындағы Жазушылар кітапханасында ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығы мен Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының иегері, ҚР Мәдениет қайраткері, алаштанушы-ғалым, публицист, философия ғылымдарының кандидаты Болатбек Төлепбергеннің “Азаттық аңсаған” атты кітабының тұсаукесері өтті.

Автор “Азаттық аңсаған” деректі хикаятында Қазақстандағы Саяси репрессия тақырыбын өзек етіп алған. Еңбекте репрессия тұзағына түскен бүтіндей бір Айтмұрзаевтар әулетінің тағдыры арқау болған. 1937 жылдардағы репрессияның қанды шеңгеліне іліккен Шамақан Жәлік Айтмұрзаев аталарының басына түскен қасіретін ұрпағы - балалары, немерелері, шөберелері де зардабын көргендігі баяндалған. Ал атасының үшінші ұрпағы - 1986 жылғы Алматы қаласындағы Желтоқсан көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі - Құрманғазы Айтмұрзаевтың қилы өмірі турасында да автор ой толғайды.

Кітапта сол кездегі Алматы қаласындағы Театр және көркемсурет институтының студенті Құрманғазы Айтмұрзаевтың кезінде репрессияға ұшыраған атасы турасында, өзінің достарымен бірге Желтоқсан көтерілісін тікелей ұйымдастырып, түрменің кермек дәмін татқаны жайында және одан кейінгі кезде азаматтық ұстанымын көрсеткен қайсар азаматтың тағдыры туралы сыр шертіледі. Сондай-ақ  автор Желтоқсан көтерілісіне қатысты мағлұматтарды да нақты деректермен дәйектейді, желтоқсандық қаhарман кейіпкерінің болмысын ашуға ұмтыла отырып, Желтоқсан көтерілісінің беймәлім қырларын баяндайды.

 Кітаптың жарық көруіне демеушілік жасаған кәсіпкер, белгілі меценат, ұлтжанды азамат, Желтоқсан көтерілісіне қатысушы қаhармандардың бірі,  кітап кейіпкері Құрманғазы Айтмұрзаевтың досы Нұрлан Есқалиев.


Еңбек жалпы тарихшыларға, Репрессия тақырыбына, Желтоқсан көтерілісіне қызығушылық танытқан барша оқырманға, қалың қауымға, жастарға, жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған. Автор тарихи ақтаңдақтар мәселесін бүгінгі көзқарас тұрғысынан жіті саралаған, жете зерттеген. Кітап кейіпкерінің тағдыр талайы мен тағылымынан жұртшылыққа, әсіресе жастарға алар тәлім жетерлік. Кітап қарапайым тілмен жазылған. Мың дана таралыммен жарық көрген аталған кітап көркем безендірілген.

Кітап үш тараудан тұрады. Бірінші тарауда "Азаттық аңсаған" деректі хикаяты, екінші тарауда кітап кейіпкері туралы «Серке» деректі фильм сценарийі, ал үшінші тарауда автордың «Желтоқсан қаhарманы» Құрманғазы Айтмұрзаевты насихаттау барысындағы шаралардан материалдар берілген.

Тұсаукесерге желтоқсан қайраткерлері, тарихшылар және зиялы қауым өкілдері қатысып, аталған еңбекке жоғары бағаларын берді.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар