"Азаматтарға арналған үкіметтің" бұрынғы қызметкері өз атына 13,6 млрд теңгенің жерін жазып алған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алматы қаласында А.К. Әбдіжапаровқа қатысты мемлекет меншігіндегі жер телімдерін алаяқтық жолмен иемдену дерегі бойынша айыптау үкімі шығарылды. Бұл қылмыстық істі ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті тергеді.
Алматы қаласы әкімдігінің қаулысымен уақытша пайдалану құқығы негізінде "Алматы" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ-ға Жуков көшесі, 67-учаске (2,3 га) және Жамакаев көшесі, 77-учаске (6,3 га) мекенжайларында орналасқан жер телімдері 5 жыл мерзімге берілген. Бұрын "Азаматтарға арналған үкімет" коммерциялық емес акционерлік қоғамының қызметкері болып жұмыс істеген Әбдіжапаров жылжымайтын мүлікті тіркеу жүйесі қалай жұмыс істейтінін біліп, уәкілетті органдарға жер телімдерін уақытша пайдаланудан бас тарту туралы жалған келісімдер мен жер телімдері жеке меншікке берілді деген жалған әкімдік қаулыларын тапсырған.
Алайда іс жүзінде мұндай қаулыларды әкімдік шығармаған. Осының нәтижесінде ол бұл жер телімдерін заңсыз түрде өзінің "Айша Групп" ЖШС-нің атына қайта тіркеген. Кейін бұл жер телімдерін үшінші тұлғаларға 1,3 млрд теңгеге сатып жіберген.
Сот санкциясымен нарықтағы құны 13,6 млрд теңге болатын жер телімдеріне тыйым салынды.
Сот үкімімен Әбдіжапаров ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (ірі мөлшердегі алаяқтық) бойынша кінәлі деп танылып, оған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылды, олардың аумағында инновациялық хаб салу жоспарланып отыр. Сот үкімі заңды күшіне енді.