Азаматтардың өтініші заң аясында шешімін тапқанша бақылауда болады – Дархан Сатыбалды

Dalanews 30 мам. 2023 05:27 901

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды тұрғындардың жеке және көпшілікпен ортақ мәселелері бойынша қабылдау өткізіп, толғандырған мәселелерін мұқият тыңдады, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қабылдауда облыс тұрғындарын сумен қамту, жұмысқа орналастыру, баспанамен қамту, жер телімін бөлу және тағы басқа мәселелер толғандыратыны мәлім болды. Өңір басшысы қабылдауға жазылған облыс тұрғындарының өтініштері мен ұсыныстары бойынша шешімнің заңды жолдарын түсіндірді.

Келген тұрғындарға әрбір мәселе шешімін тапқанша өз бақылауында болатынын айтты. Жеке қабылдауға құқық қорғау органдарының басшылары да қатысты. Ашық пікір алмасу өтіп, күрделі түйткілдердің түйіні тарқатылды.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен ашықтық қағидатына сәйкес өткен кездесуде тұрғындар тарапынан өзекті мәселелер қозғалды. Облыс басшысы Дархан Сатыбалды барлығын сараптай, саралай келе, баршасына толықтай жауабын берді.

Шешімі бар мәселелерге қатысты жауабын сол жерде берсе, кейбірін өзінің орынбасарларына мен жауапты басшыларына тапсырды. Әрбір ұсыныс пен өтініш бойынша тиісті жұмыс жүретінін айтты.

– Азаматтардың өтініш-тілектері, ұсыныстары мен талап-арыздары ескерусіз қалмайды. Барлық туындаған мәселелер заң шеңберінде шешімін табады, – деді Дархан Сатыбалды.


Тұрғын үй кезегінде тұрған Сарыағаш ауданының тұрғыны ауданнан берілетін баспанадан бас тартып, облыс орталығынан үй сұрады. Тағы бірі жылдар бойы шешімін таппаған жер мәселесіне нүкте қою туралы өтінішін жеткізді. Қабылдауда өтініш иелдеріне соттың шешімімен келіспеген жағдайда, әлі заң күшіне енбей тұрып, аппеляциялық тәртіпте шағымдануға болатыны түсіндірілді.

Дархан Сатыбалды түркістандықтардың ұсыныс-шағымдарын жеке бақылауына алып, жауапты тұлғаларға әр азаматтың мәселесін жіті талдап, қысқа мерзімде заң аясында шешуді тапсырды.

Қоғамдық қабылдауға жазылған өзге де тұлғалар түрлі әлеуметтік мәселелерді көтерді. Айта кетейік, облыс әкімінің жеке қабылдауы бекітілген кестеге сәйкес жалғасын таппақ. Мұндай кездесулер көптеген түйткілді мәселелердің жауабын алуға мүмкіндік береді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар