Әйтенов кезекті қабылдауын өткізді

Dalanews 07 сәу. 2022 11:11 866

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов азаматтарды жеке мәселелері бойынша кезекті бірыңғай қабылдау өткізді, – деп хабарлайды Dalanews.kz Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қабылдауға 100-ге жуық азамат жазылып, өтініштерін білдірді. Тұрғындар негізінен тұрғын үй, әлеуметтік сала және инфрақұрылым мәселелері жөніндегі талап-тілектерін жеткізді.

«Түркістан» сарайында өткен бірыңғай қабылдауда қала әкімінің орынбасарлары мен басқарма басшылары да тұрғындардың жеке мәселесін тыңдады.

Әкім қабылдауына келген «Самал-1» шағын ауданының көршісінің үйі жолдың жиегіне орналасуына байланысты үйіне кіріп-шығу жолы жабылып қалғанын және үйдің ыңғайсыз орынға орналасқаны үшін сол көшедегі көлік қозғалысына кедергі келтіріп отырғанын жеткізді.

Қала әкімі бұл азаматтың өтінішін жеке бақылауына алып, тиісті жұмыстарды ұйымдастыруды жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысына тапсырды. Қазір қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жол жиегіне ыңғайсыз салынған тұрғын үйді мемлекет мұқтажына алу туралы ұсыныс жолданған.



Еңбекші ауданының тұрғыны қала әкімінен баспана алуға жәрдем беруді сұрады. Азаматша бұған дейін тұрғын үй кезегіне тіркелмеген. Иелігінде тұрғын үй болғандықтан кезекке тіркелу мүмкіндігі жоқ.

Қала әкімі мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін пәтерлер тек белгіленген тәртіппен кезек арқылы үлестірілетінін атап өтті. Қазір қалада тұрғын үй алу тізімінде 48 623 азамат тіркелген. Соның ішінде 1 819 ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала,  9 186 көпбалалы отбасы, 16 957 халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы, 20 634 бюджеттік қызметшілер және үйі апатты жағдайда деп танылған 27 азамат бар.

Бүгінгі бірыңғай қабылдауға жазылған бірқатар тұрғын жер телімдері бойынша мәселерін көтерді. Мұрат Әйтенов тұрғындардың өтініштерін мұқият тыңдап,  жер учаскелерін заңдастыру бойынша туындаған барлық мәселелер заң талаптары аясында шешілетінін мәлімдеді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар