Желіде журналист Айдос Садықовқа қастандық жасады деген Алтай Жақанбаевтың суреті пайда болды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Фотоны БӘСЕ каналы жүктеген.
Жуырда оппозициялық журналист Айдос Садықовқа Киевте қастандық жасалған болатын. Әйелі Наталья Садықова екеуі отырған көлікке белгісіз біреу келіп, журналиске оқ атқан. Алған жарақатынан кейін Айдос Садықов ауыр жағдайда жатыр.
Айдос Садықов Украинада ресми босқын мәртебесін алған. Ал 2023 жылдың қазан айында Садықовқа Қазақстанда "әлеуметтік, ұлттық, рулық, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздырғаны" үшін іздеу жарияланған болатын.
Бұған дейін Ермұрат Бапи Айдос Садықовты жақсы білетінін, ал "Бәсе" қатардағы оппозициялық ресурс екенін айтты. Сондай-ақ, депутат бұл қастандыққа Қазақстан билігінің реакциясы жөнінде, Қазақстанның ендігі әрекеті қандай болатыны туралы пікір білдірді.
"Садықовтардың кәсіби, саяси көзқарасы қалай болғаны маңызды емес. Ең маңыздысы ол - Қазақстан азаматы. Қай жерден барып саяси баспана алса, ол - екінші кезектегі мәселе. Сондықтан Қазақстанның билігі, Қазақстанның тиісті мемлекеттік органдары Украина тарапына шығып, бұл мәселеге араласуы керек, сұрау салуы керек. Бұл халықаралық дәрежеде резонанс алған оқиға ғой. Бір елдің азаматын екінші бір елде атып кету деген, оның үстіне журналист болса, оппозициялық ресурстың жетекшісі болса, міндетті түрде Қазақстанның тарапы араласуы керек. Екіншіден, Қазақстанның бұған ешқандай да қатысы жоқ екенін дәлелдеуі керек қой. Қазақстан тарапы үнсіз қалатын болса, онда басқа да пікір тууы мүмкін. Қазақстанның билігі бұл іске міндетті түрде араласып, істің мән-жайын білуге әрекет етуі керек деген ойым бар", - деді Бапи.
Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан бұл іс бойынша тергеуге қатысуға дайын екенін айтты.
"Елімізде Заң үстемдігін нығайтып жатырмыз, яғни барлық салада, ең алдымен, Заң үстемдігін қамтамасыз ету – басты міндет. Бұл мәселе бойынша менің көзқарасым – айқын. Мұны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Қазақстанда Заң мен тәртіп бәрінен биік тұруға тиіс. Сондықтан қоғамдағы барлық қарама-қайшылықтар мен келіспеушіліктерді тек қана құқықтық тұрғыдан, яғни тиісті Заңнамаға және негізгі халықаралық нормаларға сәйкес шешу қажет.
Кеше Қазақстан азаматы Айдос Садықовқа қатысты Киевте болған қылмысқа да дәл осы ұстаным тұрғысынан қараған жөн. Мен дипломатиялық арналар мен құқық қорғау органдары арқылы осы оқыс оқиға бойынша ресми сұратулар жіберу туралы нақты тапсырма бердім. Сондай-ақ қажет болған жағдайда Қазақстанның ресми органдары істің ақиқатына жетуге жәрдем беру үшін тергеу жұмысына қатысуға дайын екенін айтқым келеді, – деді Президент."