Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында Премьер-министрдің орынбасары, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева 2030 жылға дейінгі Көші-қон саясаты тұжырымдамасының негізгі бағыттарын түсіндірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, көші-қон саясаты бүгінде экономикадағы, қоғамдағы және жаһандық үдерістердегі өзгерістердің айқын көрсеткішіне айналған. Осыған байланысты Қазақстан көші-қон жүйесін заман талабына сай жаңартып, оны ашық әрі айқын етуге басымдық беріп отыр.
Аида Балаева 2025 жылғы желтоқсанда Үкімет 2030 жылға дейінгі көші-қон саясатының тұжырымдамасын қабылдағанын атап өтті. Құжатта экономиканың қажеттілігі, азаматтардың мүддесі және ұлттық қауіпсіздік мәселелері кешенді түрде қарастырылған.
Оның айтуынша, Қазақстан шетелдік жұмыс күшін тек нақты кадр тапшылығы бар салаларға ғана тартады. Көші-қон бағыттары өңірлердің және нақты жобалардың сұранысына қарай айқындалады. Бұл ретте «Заң және Тәртіп» қағидаты басты назарда болады.
Министр көші-қон талаптарын бұзған тұлғалар жауапкершіліктен жалтара алмайтынын атап өтті. Бұл талаптар мигранттарға да, жұмыс берушілерге де бірдей қолданылады. Қауіпсіздік елге кіруден бастап, елден шығуға дейін толық қамтамасыз етіледі.
2026 жылғы қаңтардан бастап жаңа тәртіп енгізіледі. Оған сәйкес, шетел азаматтары, соның ішінде этникалық қазақтар алдын ала іріктеуден өтеді. Іріктеу мемлекеттік тілді білу тестін, цифрлық сауалнаманы, уәкілетті органдардың тексеруін және әңгімелесуді қамтиды.
Қандастар үшін мемлекеттік қолдау бөлек тәртіппен жүзеге асады. Мемлекеттік жеңілдіктерді алу үшін олар қандас мәртебесін рәсімдеп, еңбек күші тапшы өңірлерге қоныстануы тиіс. Бұл өңірлер қатарында Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары бар.
Министрдің сөзінше, өңірлік квотаға енген қандастар көшіп келген кезде бес жылға әлеуметтік келісімшарт жасайды. Мемлекет көшуге, тұрғын үй мен жұмысқа орналасуға қолдау көрсетеді. Алайда отбасы бес жыл өтпей басқа өңірге көшкен жағдайда алған көмекті қайтаруға міндетті.
Сонымен қатар мемлекеттік қолдаусыз, жалпы тәртіппен тұрақты тұруға рұқсат алу мүмкіндігі де сақталады. Бұл жағдайда өңірді азаматтар өз қалауынша таңдай алады.
Аида Балаеваның айтуынша, жаңа көші-қон саясаты кезең-кезеңімен енгізіледі. Бұл үдерісте қоғамның, бизнестің және өңірлердің пікірі ескеріледі. Заңды құрметтейтін азаматтарға басымдық беріледі, ал цифрлық құралдар заңсыз әрекеттер мен жалған құжаттардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Министр көші-қон саясаты заңды, қауіпсіз және толық бақылауда болуы тиіс екенін атап өтті.
