Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының негізінде қазақстандық «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ауқымды таныстырылымы басталды.
Шараның негізгі мақсаты мен міндеті туралы "ҚазАқпарат" тілшісіне Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева айтып берді.
- Аида Ғалымқызы, қазақстандық "қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын" әлемдік сарапшыларға осыншалық жоғарғы дәрежеде таныстыру не үшін қажет болды?
- Президентіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұсынылған идеялар заманауи әлемдік үрдістер һәм трендтермен үндес әрі сабақтас. Ол - тек отандастарымыз үшін ғана емес, дүниежүзілік қауымдастықтар үшін де үлкен маңызға ие жоба. Сол себепті аталған бағдарламаның таныстырылымын жоғарғы дәрежеде өткізгенді жөн санадық. Бұл рәсім қазақстандық модельді ашық алаңға, өзгеше талқыға шығару үшін қажет болды.
- Не себепті ЮНЕСКО-ны таңдадыңыз?
- Рухани жаңғырудың қазақстандық моделінің мазмұны осы ұйымның ұстанған бағыттарына жауап береді. Бағдарлама негізінде гуманитарлы дамуға сүйенген адами капитал сапасын жақсарту жатыр. Бұл - ЮНЕСКО, қала берді БҰҰ міндеттерімен үндес.
- ЮНЕСКО штаб-пәтерінде тек қана «Рухани жаңғыру» бағдарламасы емес, сонымен қатар «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы таныстырылып жатыр. Өз кезегінде бұл немен байланысты және алға қандай міндеттер қойылды?
- Біздің мемлекет әлдеқашан ЮНЕСКО-мен конструктивті қатынас орнатқан және бұл тұрғыда үлкен тәжірибеге ие. Қазақстан тарапы айтулы бастамалар ұсынып, аталған ұйым оларға қолдау білдіріп келеді.
Тиісінше, Қазақстан 2013-2022 жылдар аралығындағы "Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығына" бастамашы болды. Бүгінгі күні мемлекет басшысының тапсырмасымен Алматыда ЮНЕСКО аясындағы мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық орталығын құру бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр.
Қазақстан мен ЮНЕСКО-ның бастамасы негізінде Ұлы Жібек жолы бойымен халықаралық онлайн-платформасы ресми түрде өз жұмысын бастады.
Ал, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізінде жүзеге асып жатқан «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы - бұл халықаралық мәдени байланыс пен өзара диалогты нығайтатын тағы бір маңызды бастама.
Бұдан бөлек, отандық мәдениет пен әдебиеттің озық үлгілерін шетелдік аудиторияға таныстыру үшін бірқатар шаралар ұйымдастырылмақ. Біздің бүтін мәдени байлығымызды сауатты көрсету үшін халықаралық әріптестермен бірге жұмыс атқарған дұрыс. Ал, бұл жұмыстардың нәтижелі басталуы үшін ЮНЕСКО-дан артық алаң таппайтынымыз анық.