"Аяушылық танытайық". Танымал блогер Перизат Қайраттың анасын түрмеге қамауға қарсы шықты

Көркем Алдабергенова 23 шіл. 2025 10:53

Әйгілі «волонтер» Перизат Кайрат пен анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты іс бойынша сотта зардап шеккендер сөз алды. 47 адамнан тұратын жәбірленушілер тобы алаяқтықпен жымқырылған қаражатты қайтаруды талап етіп отыр. Айыптау тарапының дерегінше, бұл қаржы қайырымдылық мақсатқа – реабилитациялық орталық құрылысына, Палестина халқына және су тасқынынан зардап шеккендерге көмекке жиналғанымен, шын мәнінде, күдіктілердің сән-салтанатқа толы өміріне жұмсалған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сотта алғаш болып сөз алған «Стройконструкция» АҚ-ның заң кеңесшісі Ғалия Исаева компанияның BizBirgemiz Qazaqstan 2030 қорына су тасқынынан зардап шеккендерге көмектесу үшін 200 мың теңге аударғанын мәлімдеді.

«Қазір жұрт бұл екеуін «белдемше киген Остап Бендер» деп атап жүр, кейбірі атышулы алаяқ Сонька Золотая Ручкамен салыстырады. Әрине, әркімнің өз пікірі бар. Дегенмен қылмыстық іс материалдарымен танысып, прокурордың сөзін тыңдағаннан кейін Перизат Кайрат пен анасы Ғайни Алашбаеваның қылмыс жасағаны толық дәлелденді деп санаймын. Сондықтан оларға заңның ең қатал талабын қолдануды сұраймын», – деді Ғалия Исаева.

Ал Назарбаев Зияткерлік мектебінің өкілі болса, Перизат Кайраттың әрекеті қоғамда волонтерлер мен қайырымдылық ұйымдарына деген сенімді күйретіп, Қазақстанның халықаралық беделіне де нұқсан келтіргенін атап өтті.

«Оларға заң бойынша қатаң жаза берілуі керек. Мұнда әңгіме тек алаяқтық немесе қаржылық шығын жайлы емес. Бұл жерде еліміздің әлемдік деңгейдегі беделіне соққы жасалып, азаматтардың бір-біріне деген сенімі бұзылды. Волонтерлерге деген теріс көзқарас қалыптасты. Біз үшін 901 855 теңге – аса үлкен сома болмауы мүмкін, бірақ бұл – балалардың ақшасы, НЗМ оқушыларының ата-анасы жинаған қаражат. Сондықтан балалар әділдік бар екенін, жасаған әр ісің үшін жауап беруге тура келетінін түсінуі тиіс», – деді мектеп өкілі.

Іске қатысы бар тағы бір азамат Олжас Садық блогер Назим Мисановпен бірге 83 млн теңге жинап, Перизатқа аударғанын айтып, оның кінәсі толық дәлелденгенін атап өтті.

«Менің азаматтық талап-арызымды қанағаттандыруды сұраймын. Прокурордың Перизатқа сұраған жазасын қолдаймын, бірақ Ғайни Алашбаеваға келгенде біршама жеңілдік танытуды сұраймын. Оның денсаулығы нашар екенін білемін, сондықтан үйқамақта ұстау жеткілікті деп ойлаймын», – деді ол.

Еске сала кетсек, бұған дейін прокуратура Перизат Кайратқа 10 жыл бас бостандығынан айыру, мүлкін тәркілеп, 10 жыл бойы қайырымдылықпен айналысуға тыйым салуды сұраған болатын. Анасы Ғайни Алашбаеваға 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы сұралды. Айыпталушылар өз кінәларын мойындаған жоқ. Сот процесі жалғасып жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар