Еске сала кетсек, «ДСУ-14» және «Топаз» ЖШС директорлары Александр Федосов пен Болат Бағадаев өңірдегі бірқатар мемлекеттік сатып алулардың дұрыс әрі ашық өткізілгендігіне өз тараптарынан сенімсіздік білдірген болатын.
Олардың айтуларынша, мемлекеттік органдар мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібін белгілеу туралы Үкімет қаулысының 39 пунктін өз мүдделеріне қарай бұрмалаған.
Аймақ басшысының өкімімен жұмыс комиссиясының құрамына прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және ішкі мемлекеттік аудит департаменттері, сондай-ақ кәсіпкерлер мен барлық тиісті мемлекеттік органдардың өкілдері және өкілетті құрылымдар мен депуттаттар кірді.
Комиссия құрамында «ДСУ-14» және «Топаз» ЖШС-нің директорлары Александр Федосов пен Болат Бағадаев та бар.
– Осы мәселе бойынша комиссия құруға шешім қабылдадым. Бұның бәрі Қазақстан Республикасы Заңының орындалуы үшін әрі объективті бақылау жасалу үшін атқарылып жатыр. Мен барлық комиссия мүшелерінен объективті болуға, барлық жағдайға Заң тұрғысынан қарауға шақырамын, – деп атап өтті Даниал Ахметов.
– Мен облыс әкіміне алғыс айтқым келді. Виталий Шаберді (ШҚО прокурорының бірінші орынбасары) бірбеткей маман ретінде білемін. Ол өзінің іс-әрекетіне, әкімдік пен басқалардың әрекеттеріне баға бере алады. Сондықтан мен оның объективті шешімінен үміттімін, – деді Александр Федосов.
Атап айтар болсақ, үстіміздегі жылдың 20 наурызында мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібін анықтау туралы Үкіметтің жаңа қаулысы шыққан.
Қаулының 39-тармағында тапсырыс берушінің әкімшілік-аумақтық бірлікте болуынан басқа, жеткізушінің заңды мекен-жайы карантин аймағындағы әкімшілік-аумақтық бірлікте тіркелсе немесе төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты сол аумақта шектеулер болса, байқау комиссиясы жеткізушіні қабылдаудан бас тартуға құқылы делінген.
Алайда, бұл тармақтың нақты түсіндірмесі жоқ болғандықтан, мемлекеттік сатып алуға қатысушылар мен тапсырыс берушілер арасында түсініспеушілік туындап жатыр.
Ал облыстағы Мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының басшысы Руфат Акрамовтың түсіндіруінше, аталған екі кәсіпкер сенімсіздік танытып отырған конкурстардың барлығы да заң аясында арнайы тәртіп бойынша жүргізілген.
Атап айтқанда, «Топаз» ЖШС «Жерасты сулары қорымен қамтамасыз ету үшін іздеу-барлау жұмыстары» нысаны бойынша конкурстан жеңілген себебі, компанияның өтінімінде жұмысты тапсыру орны аумағында, атап айтқанда Риддер қаласында, Глубокое, Жарма, Көкпекті, Катонқарағай, Ұлан, Шемонаиха, Аягөз және Алтай аудандарында ресурстарының барлығын растайтын құжаттары болмаған.
Қазір аталған конкурс бойынша «Топаз» ЖШС шағымына сәйкес облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаменті аудиторлық тексеру жүргізуде.
– «ДСУ-14» ЖШС-не келер болсақ, компания 2020 жылдың басынан бері Өскемен қаласында орташа жөндеу бойынша 10 конкурсқа қатысты. Олардың ішінде екі конкурсқа жіберілді. Алайда, баға ұсынымында жеңіліп қалды. Қалған сегіз конкурста «ДСУ-14» ЖШС-нің өтінімі 39 пунктке сәйкес арнайы тәртіпті қолдана отырып, қайтарылды.
Себебі, аумағы бойынша кәсіпорын Көкпекті ауданының Самар ауылында орналасқан. Сонымен қатар, қосымша ақпарат ретінде айта кетсем, «ДСУ-14» ЖШС-і Көкпекті ауданында екі нысан бойынша арнайы тәртіпті қолдану арқылы конкурсқа қатысып, жеңімпаз деп танылды.
Біріншісі, Өскемен-Тарғын-Самар автокөлік жолының 113-133 шақырымдарын орташа жөндеу, нысан құны – 375 млн. теңге. Екінші нысан – Преображенка-Шұғылбай автокөлік жолын орташа жөндеу, құны – 301 млн. теңге. Екі конкурс бойынша бекітілген келісім 646,4 млн. теңгені құрайды, – дейді Руфат Акрамов.
Жиында әріптестерінің өз аттарына қаратып айтқан наразылықтарына қарсы тендерді жеңіп алған кәсіпорындардың басшылары да өз пікірлерін білдірді.
«Востоквзрывпром» ЖШС директоры Дмитрий Сомов нақақ жала жапқаны үшін жоғарыда аты аталған екі кәсіпкерге қатысты сотқа талап арыз бергенін мәлімдеді.
– Біздің компанияда мыңнан аса адам бар және 200 бірлікке тарта жаңа техникамыз бар. Тәжірибеміз үлкен, бюджетке миллиардтап қаржы салып отырмыз. Егер салыстырып қарар болсақ, қазіргі таңда Александр Иванович сіздің штаттық бірлігіңіз менің инженерлік-техникалық қызметкерлерімнен үш есе аз. Зауытыңыздың күші де үш есе кем. Техника паркіңіз ескі.
Дәл осындай көрініс Бағадаевта да бар. Біздің 15 бұрғылау техникамыз қазір жаңа. Екі компанияны да бізге жала жапқаны үшін сотқа беріп отырмын. Алғашқы отырыс осы айдың 11 күні өтеді, – Дмитрий Сомов.
«Терезе» ЖШС өндірістік бөлім басшысы Людмила Ельцова да өзінің әріптестеріне өкпесі бар боп шықты. Оның айтуынша, өткен жылы «ДСУ-14» ЖШС Самар тас жолындағы жөндеу жұмыстары барысында әділетсіздік танытып, «лақтырып» кеткен.
– Мен «ДСУ-14» ЖШС-нің «қаладағы ең үздік құрылыс компанияларының біріміз» деп жүргенін естіп, қапаландым. Өткен жылы қосалқы мердігер ретінде «ДСУ-14» ЖШС-гін жұмысқа тарттық. Келісімшарт сомасы 595 миллион теңгені құраған.
Осы келісімге сәйкес, Самар тас жолына шығатын жолдан 950 метр автомобиль жолына дейін екіқабатты асфальтбетон жамылғысы бар жер төсемін толығымен салу керек болды әрі бұл жолды құрылыс маусымы біткенше өткізіп, қысқа дейін дайын болуы керек болды.
Бірақ «ДСУ-14» келісімде тұрмай, уәде етілген 950 метрдің тек 100 метрге жетер-жетпесіне асфальт салды. Осылайша, жөндеу жұмыстарына өзіміз араласып, өз күшімізбен уақытында бітірдік, – деді Людмила Ельцова.
Комиссияның келесі отырысы жұма күні болады. Барлық құжаттар қамтамасыз етіліп, ашық қаралады. Облыс прокурорының бірінші орынбасары Виталий Шабер де комиссия жұмысының ашық жүргізілетінін мәлімдеді.