«Ауыл» партиясы Құрылтайға баратын 10 депутатын бекітті

«Ауыл» партиясы Құрылтайға баратын 10 депутатын бекітті
википедия

«Ауыл» партиясы Құрылтайдағы 10 депутаттық мандатқа ие болатын кандидаттардың тізімін бекітті, деп хабарлайды dalanews.kz.

26 тамызда партия Саяси кеңесі Бюросының отырысы өтіп, шешім 23 тамызда өткен Құрылтай сайлауының қорытындысы бойынша қабылданды. Сайлау нәтижесінде «Ауыл» партиясы 10 депутаттық мандатқа ие болған.

Партия Жарғысына сәйкес, Саяси кеңес Бюросы мына кандидаттарды Құрылтай депутаттығына бекітті: Қайрат Айтуғанов, Шахмардан Байманов, Захира Бегалиева, Серік Егізбаев, Мұрат Иргибаев, Ажар Каджибекова, Владимир Киян, Алмас Мұхаметов, Динара Райханова және Рабиға Тоқсеитова.

Тиісті құжаттар депутаттарды тіркеу үшін заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына жолданды.

Партия мәліметінше, депутаттық мандаттарды бөлу кезінде әйелдер, жастар және мүгедектігі бар адамдардың өкілдігіне қатысты заң талаптары сақталған. Бұл санаттардың жаңа құрамдағы жиынтық үлесі 60%-ды құрады.

Партия жаңа депутаттық құрамды кандидаттардың кәсіби біліктілігі мен құзыреттерін ескере отырып жасақтағанын мәлімдеді. Оның құрамына аграрлық сектор, мемлекеттік басқару, ғылым, бизнес және әлеуметтік саланың өкілдері кірді.

Атап айтқанда, жаңа фракция құрамында агрономдар, ветеринария мамандары, ғалымдар, биотехнология саласының сарапшылары, сондай-ақ мемлекеттік басқару, әлеуметтік саясат және инклюзия бағытындағы мамандар бар.

Жаңа фракцияның негізгі міндеті партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру болмақ. Депутаттар өңірлерді дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жақсарту, әлеуметтік саясат, білім мен ғылым, отбасы мен жастарды қолдау, сондай-ақ экология мәселелеріне басымдық бермек.

Сонымен қатар партия бекітілген тізімге енбеген кандидаттардың арасынан кадрлық резерв қалыптастырып, оларды сараптамалық, қоғамдық және ұйымдастырушылық жұмыстарға тартуды жоспарлап отыр.

Партияның мәлімдеуінше, «Ауылдың» басты мақсаты – сайлаушылардың сенімін ақтап, сайлауалды бағдарламаны нақты жобалар мен істер арқылы жүзеге асыру.