«Ауруым осы жағдайға жеткізді»: Нұрай Серікбайды өлтірді деп айыпталған Шерхан Аймахан сотта кешірім сұрады

«Ауруым осы жағдайға жеткізді»: Нұрай Серікбайды өлтірді деп айыпталған Шерхан Аймахан сотта кешірім сұрады
ашық дереккөз

Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты өтіп жатқан сот отырысында айыпталушы Шерхан Аймахан мәлімдеме жасап, кешірім сұрады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сотта ол кісі өлтіргені үшін емес, өзінің психикалық жағдайына уақытында мән бермегені үшін өкінетінін айтты. Оның сөзінше, дәл осы жағдай қайғылы оқиғаға себеп болған.

Айыпталушының айтуынша, 2019 жылы басынан жарақат алғаннан кейін оған обсессивті-компульсивті бұзылыс диагнозы қойылған. Ол содан бері ата-анасы психиатрларға қаратып, Алматы мен Қаскелеңдегі емшілерге апарғанын, тіпті үйде түрлі діни және дәстүрлі жоралғылар жасағанын жеткізді. Осыған байланысты ол Нұрайдың туыстарынан, өз жақындарынан және Қазақстан халқынан кешірім сұрады.

Сонымен қатар, Аймахан Нұрайға өзінің диагнозы туралы ешқашан айтпағанын мәлімдеп, қызды аңдыды деген айыптауды тағы да жоққа шығарды.

Алайда іс материалдарына сәйкес, сот-психиатриялық сараптама Шерхан Аймаханды есі дұрыс деп таныған. Тергеу оны аса қатыгездікпен адам өлтіру, адам ұрлау, аңду және некеге тұруға мәжбүрлеу баптары бойынша айыптап отыр. Егер кінәсі дәлелденсе, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.