Ауыл шаруашылығы техникасын құрастыратын немістің әйгілі CLAAS компаниясының басшысы СҚО-ға келдi

Dalanews 14 қыр. 2022 02:40 918

Солтүстік Қазақстан облысына немістің әйгілі CLAAS компаниясының басшысы Катрина Клаас-Мюльхойзер келіп, ынтымақтастық дамыту мәселелерін қарастырды. СҚО әкімі Құмар Ақсақаловпен кездесуде тараптар  өңірде ауыл шаруашылығы техникасын құрастыратын кәсiпорынды дамыту және жинақтаушы әрi қосалқы бөлшектердi шығару мәселесі талқыланды, – деп хабарлайды Dalanews.kz СҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Әлемдік деңгейдегі танымал компания басшысының Петропавлға келуi – жобаға үлкен көңiл бөлiп отырғандығын көрсетiп отыр. CLAAS басшылығымен келiссөздер 2017 жылы басталған болатын. Жобаны жүзеге асыруға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға 2019 жылы баруы және Катрина Клааспен кездесуi маңызды серпiн бердi, – деп атап өтті СҚО әкiмi Құмар Ақсақалов.

CLAAS – ауылшаруашылық техникасының әлемдегi үздiк өндiрушiсi. Елiмiздiң диқандары техниканың сапасын жоғары бағалады. Ең жарқын мысал ретiнде «Асхат Агро» ЖШС алқабында 30 жыл бойы егiн орып жүрген CLAAS Dominator комбайнын айтуға болады. 1992 жылдан берi комбайн 12 мың сағат жұмыс iстеп, әлi де қызмет етiп келедi.

– Бiздiң мiндетiмiз – ауылшаруашылық тауар өндiрушiлерiн сапалы және жоғары өнiмдi, әрi бағасы нарықтан төмен техникамен қамтамасыз ету. Бұл диқандарға егiндi оңтайлы уақытта егiп, жинап алуы үшiн керек. Техниканы жаңартпай ауыл шаруашылығын дамыту мүмкiн емес. Мен ауыл шаруашылығы инженерi ретiнде мұны жақсы бiлемiн, – дедi өңiр басшысы.


Бүгiнде немiс компаниясының комбайндары мен тракторлары үлкен сұранысқа ие. Техниканың бағасы 27%-ға дейiн төмендетiлдi. Кәсiпорын өткен жылы 92 бiрлiк техника құрастырса, биыл 300-ден асыруды көздеп отыр. Келесi жылға жоспар – 500 бiрлiк техника құрастыруды жоспарлап отыр.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар