Ауғандық ардагерлердің қазақстандық армия қатарын нығайта түсу жолындағы айшықты үлесін айта келе облыс басшысы ардагерлердің қоғам өміріне белсене араласуы, ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудегі ықпалын арттыруды жалғастырулары қажеттігін де атап өтті.
– Спорт – қоғамды саламаттылыққа тәрбиелейтін, рухты шыңдайтын, қажырлылыққа бейімдейтін, қиындыққа қарсы тұра алатын қайрат беретін ерекше күш. Біздің ауғандық ардагерлеріміз де дәл осындай қасиеттерге ие деп айта аламыз. Бұл турнир маңызды спорттық жарыс қана емес, Отан қорғаушылардың ерлігі мен батырлығын тағы бір мәрте еске түсіру деп білеміз. Бүгінгі жарыс бұдан кейін де игі дәстүрге айналып, спортсүйер қауым мен достардың бас қосатын шарасына айналады деп сенеміз, – дей келе жарысқа қатысушыларға жеңіс тіледі.
Ауғандық ардагерлер атынан «Ауған соғысы мүгедектерінің республикалық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Кеңес Одағының батыры Николай Кремениш сөз алып, турнирді ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, ойын қатысушыларына сәттілік тіледі.
Мұнан соң турнир төрешілері таныстырылып, іріктеу ойындары басталды.
Жалпы, бұл спорттық жарысты өткізу туралы ұсыныс облыс әкімі А.Баталовтың ақпан айындағы ауған соғысы ардагерлерімен кездесуі барысында айтылған болатын. Ұсынысқа әкімдік тарапынан қолдау көрсетіліп, жүзеге асты. Еліміздің түкпір-түкпірінен 9 команда қатысып жатқан жарыс екі күнге созылып, қорытындысы ертең шығарылатын болады.
Дереккөзі: zhetysu.gov.kz