Аудан әкімдігі Болат Назарбаевтың мүлкін қайтарамыз деп кәсіпкерлердің мүлкін тартып алған

Сағыныш Сардарова 06 қар. 2024 15:18 3622

Бірнеше депутат Мәжілісте кәсіпкерлердің құқығын қорғап, сауал жолдады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Азат Перуашев, Дания Еспаева, Қазбек Иса, Ерлан Барлыбаев, Серік Ерубаев, Елнұр Бейсенбаев секілді депутаттар ҚР премьер-министрі Олжас Бектеновке және ҚР Бас прокуроры Берік Асыловқа үндеу жасады. Олардың сөзінше, әртүрлі саладан жүгінетін кәсіпкерлер көп. Ал бұл кәсіпкерлер шенеуніктердің мүлікті қайта бөлу және бизнесті рейдерлік жолмен басып алу үшін өз өкілеттігін пайдалану үрдісінің артып келе жатқанына шағымданады. 

Депутаттардың сөзінше, сорақы мысалдың бірі Түркістан облысында тіркелген.

"Сарыағаш ауданының әкімдігі Болат Назарбаевтың мүлкін қайтарамыз деген желеумен көршілес кәсіпкерлерден 2017 жылы Қаржы министрлігінің ашық аукционынан бірыңғай лотпен сатып алынған шипажай нысандарының бір бөлігін тартып алған. Бұл мәселені біз бұған дейін де көтергенбіз. Бірақ, сонымен қатар, компания нысандарын Болат Назарбаевтың өзіне қайтарып берді. Алайда адал кәсіпкерлердің нысандары тәркіленген күйінде қалып, шипажай 2 миллиард теңге шығынға ұшырады", - деді олар.

"ҚТЖ" АҚ сот арқылы "АНГРЕНСОР Ltd." ЖШС-ны 2011 жылы осы ЖШС салған, құны 1,5 млрд.теңгеден асатын Павлодар облысы Атығай станциясындағы ғимарат пен темір жолдарды тегін беруге міндеттеген.

"Осыған ұқсас жағдай Маңғыстау облысында да болды, онда Көлік министрлігі тіпті сот арқылы емес, өз бұйрығымен 90-жылдардан бері "Каскор-Транссервис" АҚ-на тиесілі кірме теміржол жолдарын "ҚТЖ" АҚ-ның магистральдық желілері тізіміне енгізіп, олардың мемлекет меншігіне тегін өтуі туралы шешім қабылдаған. Жамбыл облысы Меркі ауданында да аудан прокуратурасы 2007 жылдан бері ауыл шаруашылығы өнімдерін ойдағыдай дамытып келе жатқан "Жеміс-Жидек" ЖШС-нің 200 гектар жерін тегін тартып алды.

Бұл тенденция қарқын алып, мемлекеттік органдар ғана емес, өзге монополистер де басқа кәсіпорындардың меншігіне "қол салуға" әрекет етуде. Мәселен, жақында Таразда "Жамбыл электр желілері" ЖШС жүн өңдеу фабрикасынан ("ПОШ-Тараз" ЖШС) осы фабрикаға тиесілі электр қосалқы стансасын монополистке арыздану құқығынсыз тегін беруді талап еткен. Әр түрлі аймақтардан келетін басқа да ұқсас дабылдар бар. Қазірдің өзінде мүлікті қайта бөлудің тұтас тәжірибесі байқалып отыр", - дейді олар.

Конституцияның 6-бабында Қазақстан Республикасында мемлекеттік және жеке меншік бірдей танылады және бірдей қорғалады деп тайға таңба басқандай көрсетілген.

"Ешкімді жеке мүлкінен айыруға болмайды, тек сот шешімімен ғана. Мүлiктi мәжбүрлеп иелiктен шығару оның құнын өтеу шартымен мемлекет мұқтажы үшiн алынған жағдайда ғана мүмкiн – бұл да Конституция, 26-бап. Тәркілеу де мүмкін, бірақ қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін сот үкімі шеңберінде ғана (ҚР ҚК 48-бабы). Бірақ біз көрсеткен жағдайлардың барлығында қылмыстық іс жоқ, тәркіленген мүлікті өтеу де жоқ", - деді депутаттар.

"Ақ жол" фракциясының депутаттары ескі Қазақстанды да атады. Олардың сөзінше, заңсыз активтерді қайтарамыз деген желеумен кейбіреулер кәсіпкерлердің құқығын таптап отыр.

"Рейдерлер кейде ескі Қазақстан өкілдері мен олармен байланысы бар олигархтардың заңсыз активтерін қайтару әрекеттеріне де сілтеме жасайды. Расында, ескі Қазақстанның ығай-сығайларының заңсыз активтерін қайтару аясында да ерікті процедура қарастырылған. Бірақ жоғарыда келтірілген мысалдардың ешқайсысында олигархтар туралы бір ауыз сөз жоқ. Керісінше, Сарыағаштағы шипажайдағыдай марқұм Б.Н.-ның компаниясына нысандарды қайтарып, осы сылтаумен адал кәсіпкерлерден аукцион арқылы заңды түрде сатып алынған мүліктері тәркіленді.

Бүкіл өркениетті әлемде жеке меншікке қол сұғу - қылмыс болып саналады. Мысалы, АҚШ заңы бойынша мүлікті қару қолдану арқылы қорғауға да болады.

Президент Қ.Тоқаев "Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы" Жарлығында жеке меншікке қол сұғылмаушылықты қамтамасыз етуді басты бағыттардың бірі ретінде белгіледі. Бұл кездейсоқ емес, өйткені меншік құқығы кез келген экономиканың инвестициялық ахуалына тікелей әсер етеді. Біздің жағдайда аталған үрдіс Конституцияға да, заңдарға да, Президент Жарлығына да қайшы келеді. Ал бұл отандық инвесторлардың да, шетелдік инвесторлардың да сеніміне селкеу түсірері анық – дәл осы ПОШ-Тараз фабрикасы қазір шетелдік серіктестермен келіссөздер жүргізіп жатыр", - деді депутаттар.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар